Төтенше жағдайлар қызметінің материалдық - техникалық базасы жаңартылды

Айтып келмейтін апатқа қашанда дайындықтың сақадай сай болғаны жөн. Тілсіз жаумен күресу барысында санаулы секунттардың өзі үлкен маңызға ие болып қалады.
Уақыт оздырмай көмекке ұмтылған кезде, төтенше жағдайлар қызметінің көлігі мен құрылғылары сыр бермей жеткілікті деңгейде дайын тұруы қажет. Қарағанды облысында әкімдіктің қолдауымен ТЖД құтқару бөлімшелерінің материалдық — техникалық базасын нығайтуға көмек көрсетілді. Биылғы жылы ТЖД бөлімшелерінің материалдық - техникалық базасын кезең — кезеңімен жабдықтау және нығайту жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай 2022 жылы әкімдік қаражаты есебінен Төтенше жағдайлар департаменті құтқару техникасын сақтауға арналған 7 ангар сатып алып бекітіп қойды. Өрт сөндірушінің жауынгерлік киімінің 400 жиынтығы, 10 бірлік тепловизор, суда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу құралдары мен көлік сатып алынды. Құрама-жиналмалы ангарлар Қарағанды қаласының құтқару бөлімшесінің және Ақтоғай, Ақсу-аюлы, Ағадыр, Ботақара, Қарқаралы елді мекендеріндегі өрт сөндіру бөлімдерінің аумағында орнатылды. Өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімдер жиынтығы және тепловизорлар тиімділік нормаларына сәйкес Департаменттің барлық бөлімшелеріне, оның ішінде Ұлытау облысының аумағында орналасқан бөлімшелерге таратылды.ТЖД бөлімшелерін материалдық-техникалық жарақтандыру жөніндегі жол картасы 2019 жылдан басталып күні бүгінге дейін жүзеге асырылуда. Қ
арағанды облысының Төтенше жағдайлар саласы басшылығының пайымдауынша жылдан жылға құтқару бөлімшелерін жабдықтау жақсарып келеді. Техника, жабдықтар республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен сатып алынады. Қарағанды облысы ТЖД техника паркі соңғы жылдары айтарлықтай жаңарған болатын.
2015 жылдан бастап Қарағанды облысы ТЖД қарулануына барлығы 140 бірлік авариялық-құтқару, инженерлік және жедел-қызметтік техника, сондай-ақ суда және өрт жағдайында жұмыс істеуге арналған жабдық және түрлі ұйымдастыру техникасы келіп түсті.Қарағанды облысының ТЖД мамандары құтқару бөлімшелерін техника мен жабдықтың заманауи түрлерімен жарақтандыруға қолдаудың болуы жұмыстарында оң нәтиже көрсетуіне септігін тигізеді деген пікірде. Құтқару бөлімшелерінің техникалық жарақтандырылуын арттыру авариялық-құтқару жұмыстарының тиімділігін арттырып уақыт оздырмай тілсіз жаумен күресуге ықпал етеді.