Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:09, 26 Сәуір 2024

Төтенше жағдайда төтенше жаза керек пе?

Су тасқыны

Елде алапат су тасқыны болып жатыр. Он облыста төтенше жағдай жарияланып, мыңдаған баспана су астында қалды. Көп адам үйін тастап, қауіпсіз жерге бас сауғалады. Билік ештеңеге дайын болмай, бар салмақ халықтың өзіне түсті. Көпшілік бір-біріне демеу болып, өзін-өзі құтқарып жатыр.

Апаттан зардап шеккен тұрғындарға көмектесу үшін халық бастап, кәсіпкерлер қостап, ақша жинаған. Ол аздай, қалың жұрт қолына күрек ұстап, бөгет тұрғызып жүр. Үкіметке сенбеген халық осының бәрін өзі істеуге мәжбүр.

Ресми дерек бойынша, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек ретінде 147 542 миллиард теңге жиналыпты. Бұл аз ақша емес. Оның үстіне бұған мемлекеттік бюджеттен бөлінген ақша қосылады. Демек, үкіметте су шайған нысандарды жөндеп, халыққа баспана беруге және мал-мүлік шығынын өтеуге жеткілікті қаржы бар деген сөз.

Бірақ алғаш ақша жинала бастағанда-ақ жұрт «осы қаржы жарты жолда қолды болмай, жетер жеріне жетсе жақсы» деген күдігін айтқан. «Атының сыры иесіне мәлім» дегендей, көпшілік қазақ шенділерінің кез келген жерден ақша жымқыратынын жақсы біледі. Тіпті коронавирус тарап, даланы дерт жайлаған тұста да ұялмай қаржы жымқырған ақ жағалылар болған.

Халық бекер күдіктенбепті, жарты Қазақстанды қызыл су басып, 100 мыңнан аса адам зардап шеккен қилы күнде де қазынаға қол салатындар бар екен. 23 сәуірде Қаржы мониторингі агенттігі су тасқынының салдарын жоюға бөлінген қаражаттың 1 миллиарды ұрланғанын хабарлады. Атап айтқанда, Алматы қаласы мен Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облысында 4 қылмыстық іс қозғалып, күдікті ретінде бес адам анықталыпты.

«Көршінің қорасы өртеніп жатқанда, қойының басын үйітіп алуға» ұмтылған шенділердің кім екені қазірше белгісіз. Олардың есімі әлі жарияланған жоқ. Агенттік төрағасы Дмитрий Малахов қалған қаржыны қатаң бақылап, апатқа ұшыраған жұрттың аманатын аман-есен қолына тигіземіз деп уәде берді. Бірақ біздің елде билік уәдені қанша көп берсе, халықтың сенімі сонша азая беретіні бар. Демек, Малаховтың «мықтылығы» енді сыналады.

Жемқорға жаза жеңіл ме?

Қазақстанда сыбайлас жемқорлық күнделікті өмір салтына айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Қазір халық «пәлен шенді ақша ұрлап ұсталыпты» дегенге таңғалмайтын болған. Шамасы бұған билік өкілдерінің де еті үйреніп кеткен сияқты. Өйткені жаза өте жеңіл. Адамның ақылына кірмейтін мол қаржы жымқырғандар аз жылға ғана түрмеге қамалады. Оның көбі мерзімінен бұрын бостандыққа шығады.

Мысалы, қазір қазақстандық БАҚ-тың басты тақырыбы болып тұрған Қуандық Бишімбаев 2018 жылы 346 млн теңге пара алып, 1,2 млрд теңге қаржы жымқырды деп айыпталып, 10 жылға сотталған. Өркениетті елде білдей министр мұнша ақша ұрласа, кемі өмір бойына қамалар еді. Оның үстіне Бишімбаев 10 жылдың жартысын да өтеген жоқ, 1,5 жылдан кейін бостандыққа шықты. Ал оның соңы неге ұласқаны бәрімізге белгілі, экс-шенді өз әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілініп отыр.

Мұны аз десеңіз, 2003 жылы оған дейін көлік және коммуникация министрі болған Абылай Мырзахметовке 1 млрд 150 млн теңге жымқырды деген айып тағылды, бірақ ол күтпеген жерден 5 жыл шартты жазамен құтылды. Бұл сол кезде ел тарихындағы ең ұзақ шартты жаза ретінде рекорд жаңартқан. Аса көп ақша ұрласа да, жазадан жеңіл құтылған Мырзахметов 2023 жылы мамырда қайта құрықталды. 10 жылға жуық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын басқарған шендіге бұл жолы пара беруге итермеледі деген айып тағылды.

Тізе берсек, мұндай мысал көп. «Қазақтелекомнан» 12,7 млрд, «Көлік сервисі орталығынан» 28,6 млрд теңге жымқырды деп айыпталған Қайрат Сатыбалды 6 жылға ғана қамалды. Қаңтар оқиғасынан кейін «Жаңа Қазақстан» құрықтаған екінші Қайрат – Қайрат Боранбаев алдымен 8 жылға сотталып, кейін бостандыққа шықты. Оның ұрлаған ақшасына да санасаң сан жетпейді.

«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген қазақтың әдемі сөзін билік «ақша ұрлағанның айыбы жоқ, Назарбаевтан кешірім сұраған соң» деп өзгерткендей көрінеді. Алатаудан ауыр айып арқалаған шенділер, экс-президенттен кешірім сұрап, жазадан құтылып кететін. Жаза жеңіл болған соң «ұрылар» билік дәлізінде алшаңдап басып, алаңсыз жүр дейді мамандар.

Ақша игеруді «жеңілдетудің» жолы

Төтенше жағдай мемлекетке, халықтың өміріне қауіп төнгенде жарияланады. Демек, мұндай қиын-қыстау сәттегі қылмыс елге жасалған опасыздық ретінде бағалануы қажет. 10 облысты су басып, халық қиналып жатқанда 5 адамның 1 миллиард теңгені қолды етуі – ауыр қылмыс, абсурд.

Еліміздің «Төтенше жағдай туралы» заңын шолып шықтық. Бірақ онда мұндай кезде қылмыс жасаған шенділердің жауапкершілігі жайлы ешқандай бап жоқ екен. Тек «қызметтiк өкiлеттiгiн асыра пайдаланған лауазымды адамдар тиісті заңдарға сәйкес жазаланады» деп жазылыпты. Демек, су тасқынына бөлінген 1 миллиардты қалтаға басқандар (егер кінәсі дәлелденсе) жай күндегідей жеңіл жаза арқалауы мүмкін. Олардың арасынан екінші Мырзахметов немесе екінші Бишімбаев шықпасына кім кепіл?

Әлеуметтанушы Құралай Қантаева мұндай арсыз қылмыстың түпкі себебіне үңілді.

Құралай Қантаева

«Мемлекет апаттың салдарын жою, зардап шеккен халықты құтқару жұмысын жүргізіп жатыр. Дәл осындай сәтте апатқа қарсы күреске бөлінген қаржының ұрланғаны мемлекеттік органдардың міндетін дұрыс атқармай отырғанын көрсетеді. Біз сыбайлас жемқорлықты жиі сынаймыз, бірақ ол азайған жоқ. Әсіресе осындай қиын жағдайда, мұқтаж адамдарға бөлінген қаржының талан-таражға түсуі ақылға қонбайды.

Мұның себебі неде? Біріншіден, бөлінген көмекті игеру барысында ашықтық пен бақылау әлсіз. Бюджеттен бөлінген қаржы халықтың қолына тигенге дейін қанша сатыдан өтетіні, оны қандай органдар бақылайтыны және олардың есебі қалай жүретіні ашық емес. Халық және кәсіпкерлер көмекке қанша ақша бергені нақты емес, бұл қаржыға кім мониторинг жүргізетіні, кім есепке алып, тұрғындар қолына тигізетіні де айтылған жоқ. Демек, қаржыға бақылау төмен. Бұл қаржыны теріс мақсатта пайдалануға, жемқорлықтың көбеюіне қолайлы жағдай туындатады.

Екіншіден, апаттан қорғану және оның салдарын жою жұмысы өте күрделі, ауқымы үлкен. Соның бәрін шекті уақыт ішінде істеу керек. Барлық ресурсты тез арада тиімді жұмсау қысымы болады, бөлінген қаржыны аз уақыт ішінде игеру міндеті тұрады, осы процесті «жеңілдету» үшін жемқорлыққа байланысты азғын ойлар туындауы мүмкін.

Сондай-ақ жауапкершілік тетігі жоқ. Біздің елдегі әлеуметтік мәдениетте сыбайлас жемқорлық мінез-құлық нормасы ретінде қабылданады. Бұл билік басындағылар арасында ғана емес, қарапайым адамдардың өзі күнделікті өмірде жемқорлық фактілерімен кездеседі, оны әшкерелемейді, тіпті оған бастамашы болады. Яғни қоғамда жемқорлықпен күрес мәдениетін қалыптастырған жоқпыз. Біздің қоғамда жемқорлық норма ретінде өмір сүріп жатыр. Бұған жауапкершілік тетігінің болмауы әсер етеді, жаза деңгейі төмен болған сайын жемқорлық фактілері көбейе береді. Осыған дейінгі қылмыстардың тиісті деңгейде жазаланбауын мысал ретінде айтсақ болады. Жазасыздық сезімі қылмыстың өршуіне тікелей қолайлы жағдай жасап отыр.

Су тасқынына бөлінген қаржыны игеру мәселесі бақылауды, ашықтықты талап етеді. Сол үшін осы сәттегі жемқорлық әрекеттеріне еселенген қатаң жаза қарастыру керек деп ойлаймын. Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі қаржыны тиімді басқару үшін кешенді жүйе керек. Қанша шығын келді, қанша қаржы бөлінді, оны қайда жұмсап, тұрғындар қолына дер кезінде жетуін бақылау өте маңызды жұмыс», – дейді маман.

Қазақстан сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша әлемдік рейтингте 87 елдің ішінде 75-орында тұр. Бұл елді жемқорлық жайлағанын білдіреді. Бұған жазаның жеңілдігі әсер етуі мүмкін. Өйткені АҚШ, Франция, Ұлыбритания сияқты елдерде жемқорлыққа қарсы арнайы заң бар. Америкада аз мөлшерде пара алған адам сол соманың үш есесі көлемінде айыппұл төлейді. Егер ірі көлемде пара алса, 15 жылға қамалады. Ал Қытайда ұрланған сома 100 мың юаньнан асып, жемқорлық әрекеттің салдары ауыр болса, өлім жазасына кесіледі. Сондай-ақ заңда төтенше жағдай кезінде ақша ұрлағандарға ешқашан кешірім бермеу туралы арнайы бап бар екен.

Су тасқыны кезінде миллиардтап қаржы ұрлаған шенділер «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартты» дегенді еске салады. Дмитрий Малахов басқаратын қаржы мониторингі агенттігі ақша жымқырған 5 адам жайлы толық ақпарат бермей отыр. Бірақ қолда бар мәліметтің өзі қоғамда резонанс туғызды. Халық мұндай «көлтаусарларды» қатаң жазалауды сұрайды. Қарғын сумен қатар халқының қалтасына қол салғандардың ісіне бас прокурор Берік Асылов назар аударар ма екен?!

Қуаныш Қаппас