Төтеншелік мамандардың әрекеті ерлікпен тең
Еліміздің төтеншелік мамандарының араласпайтын ісі кемде кем. Адам жоғалса да, біреу қандай да бір оқыс жағдайға ұшыраса да ең алдымен жетіп, көмек қолын созатын, өрт арасынан да, судан да адамдарды құтқаратын төтеншелік мамандар.
Басқалар ең алдымен өрттен басын сауғалайтын болса сол өртке қойып кетіп, ішіндегі адамын құтқаруға ұмтылатын төтеншеліктердің тірлігі ерлікпен тең екені ақиқат.
Осы орайда айта кетсек кеше ғана алматылық төтеншелік мамандар тауда адасып кеткен туристерді аман есен тауып, құтқарып алды. Жалпы жыл басынан бері туристердің тауда адасып кетіп, құтқарылуының бірнеше жағдайы тіркеліпті. Өздерінің күштері мен мүмкіндіктерін есептей бермейтін туристер тауда адасып кетуінің соңы қайғылы жағдайлармен де аяқталып жататын кездер жиі кездеседі. Сондықтан төтеншелік мамандар үнемі тауға саяқаттау кезінде сақтау керек қауіпсіздік ережелерін жиі еске салып жатады. Бірақ құлақ аса бермейтін туристерді де құтқару төтеншелік құтқарушылардың еншісіндегі шаруа. Соның дәлелі Қарағалы шатқалындағы Каменское шыңын бағындыруға шыққан төрт турист қайтар жолда адасып, құқарушыларды шақыруға мәжбүр болған. Түн болып кеткеніне қарамастан құтқару дабылы келіп түскеннен кейін тауға аттанған құтқарушылар көп ұзамай туристерді тауып, аман есен төменге алып түсіп, қауіпсіз жерге жеткізді. Дегенмен төтеншелік мамандарды тыңдамай өз бетінше әрекет жасап, адасып кететіндермен үнемі таудағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері туралы түсіндірме жүмыстары жүргізілді. Алматылық құтқарушылардың бірі Әділов Ерден «көп жағдайда тауға шығушылардың өз мүмкіндіктерін есептемей, төтеншеліктердің ескертуіне де құлақ аспауының соңы қайғылы жағдайлармен аяқталып жатады. Біз негізі үнемі таудағы қауіпсіздік ережелерін халыққа ескертіп отырамыз. Көктемгі мезгілде тауға шығуға болмайтын күндерді де алдын ала ескертеміз. Таудағы қар тасқыны немесе аяқ асты қолайсыз ауа райын болатын кезде алдын ала ескертіледі. Бірақ көп жағдайда тауға шығушылардың біздің сөзімізге құлақ аспауы өздерін де құтқарушыларды да қауіпті жағдайға тап келтіріп жатады. Негізі құтқарушылар табиғатқа шықпас бұрын өз мүмкіндіктерін есептеп, ауа-райы жағдайымен танысуы қажет. Тауға көтерілу және түсу кезінде асықпауы және төтенше жағдай кезінде өздерін қажетті заттармен қамтамасыз ету қажеттілігі туралы да ескертеміз. Өзіңізбен бірге пауэрбанк, су өткізбейтін пакеттегі сіріңкелер болуы міндетті. Сондай-ақ, туыстарыңызға баратын жер туралы хабарлауды ұмытпау қажет» дейді.
Тауда ғана емес өз үйінде отырып та түрлі жағдайға ұшырап жататын тұрғындар жетерлік. Мәселен кеше ғана ақтөбелік анасы мен қызы үйлерінен шыққанымен қайтып кіре алмай қалған. Құлыптағы ақау салдарынан ыңғайсыз жағдайға түскен тұрғындар ең соңында құтқарушыларды шақыруға мәжбүр болған. Төтенше жағдайлар қызметіне қарасты руспубликалық жедел құтқару жасағының төрт құтқарушысы тез арада жетіп, көмек қолын созу нәтижесінде түрғындар көп ұзамай өз пәтеріне кірген. Бір құтқарушы есікті сыртынан ашып жатқанда, басқа құтқарушылар үйдің төбесінен терезе арқылы кіріп, жағдайды тез қалыпқа келтірген. Онымен қоймай құтқарылған адамдарға барлық қажетті және психологиялық көмек көрсетілген. Яғни кез келген жағдайда халыққа көмектесуге даяр құтқарушы періштедей мамандарға халық та дән риза.
Тағы бір мысал жақында ғана Ақтөбе облысы Төтенше жағдай департаментінің кезекшілік- диспетчерлік пультіне ер адамның құдыққа түсіп кеткені туралы ақпарат келіп түскен. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар құдыққа түсіп кеткен ер адамды құтқарып, ер адамның өзі түскенімен шыға алмай қалғанын есепке алып, медициналық көмек қажет болар деген ниетпен дәрігерлердің қолына тапсырған. Яғни өз үйіне өздері кіре алмай қалған тұрғындарға да, құдыққа түсіп кеткен адамға да ең алдымен жетіп, көмек қолын созатын төтеншелік мамандар.
Төтенше жағдай қызметіне қарасты өрт сөндірушілер кейде өртті сөндіріп қана қоймай қауіпке де басын тігіп жатады. Мәселен Жамбыл облысы Сарысу ауданында тіркелген өрт кезінде өрт сөндірушілер сол сәтте айналаға қауіп төндіруі мүмкін төрт газ баллонын алып шығарды. Газ баллонының кез келген сәтте жарылып кетуі мүмкін екенін ескерсек халықты құтқару үшін өз бастарын кез келген қатерге тігетін төтеншелік мамандарды бейбіт күннің батырлары демеске шараң жоқ. Осы орайда Жамбыл облысы Төтенше жағдай департаменті «балалар мен қарттарды үйде қараусыз қалдырмау қажеттігін, төтенше жағдай туындай қалған жағдайда олардың дәрменсіздігі қауіпті арттыра түсетінін, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаған жөн» екендігін қатаң ескертеді. Атап өтер бір жайт өрт статистикасының ішінде тұрмыстық өрттер де айтарлықтай дәрежеде. Мәселен жазғы уақытта бақшаны тазалау кезінде қоқысты жағу барысында өрт жақын орналасқан тұрғын үйлер мен жапсарлас құрылыстарға таралып кету қаупі зор. Кейде тұрғындардың үйдің айналасындағы қоқыстарды өртеймін деп, соңы қайғылы жағдайларға ұласатын кез көп. Сондықтан жеке тұрғындардың да өздігінше әрекет ету кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң қадағалауы қажет.
Төтенше жағдайлар қызметі маусымдық жағдайларға да тез бейімделіп, төтенше жағдайдың алдын алуға алдын ала тырысады. Мәселен жаңа оқу жылы жақындауына орай дәл қазір өңірдегі барлық төтенше жағдай қызметі мектептердің оқу жылына толық дайындығын тексеруде. Мәселен бүгін ғана
Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығында өткен брифингте ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті мамандары білім беру нысандарындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мәселесін жан жақты сөз етті. ШҚО Төтенше жағдайлар Департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұржан Өміржанов Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы 653 білім нысаны бар екенін мәлімдеп, оларды шетінен тексерістен өткізіп жатқандарын мәлімдеді. Нұржан Өміржанов «жыл сайын білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы алдын ала тексеріледі. Өйткені балалар білім алатын оқу ордасының әрқашан талапқа сай болуы парыз. 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында жалпы саны 420 білім беру нысаны ерекше тәртіппен тексерілді. Тексеру нәтижесінде олардың 99 %, яғни 417 нысан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып пайдаланылып жатқаны белгілі болды. Олардың барлығында 2000 мыңнан астам ереже бұзушылық анықталып, Әкімшілік жауапкершілікке 392 лауазымды және заңды тұлғалар тартылды. Оның ішінде-320 ескерту түрінде және 82 айыппұл түрінде жауапкершілік талап етілді. Бүгінде олардың барлығына кемшіліктерді жою туралы ұйғарымдар берілді» дейді. Демек білім ордаларының әлі де болса қауіпсіздік ережелеріне сай болуға, кемшілікті жөндеуге уақыты бар.
ШҚО ТЖД инспекторлары төтенше жағдайдың алдын алу шеңберінде 4541 мектеп пен балабақша қызметкерлерін қамтып, 179 нұсқама беріпті. Сондай ақ 10 415 оқушыны қамти отырып, 62 интерактивті сабақ ұйымдастырылған. ШҚО Төтенше жағдайлар Департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұржан Өміржанов аталмыш мектептер түтін жою жүйесіне, өртті анықтау және сөндірудің автоматты қондырғыларына, өрт кезінде адамдарды хабардар ету және эвакуациялауды дұрыс жағдайда басқаруға назар аударуы қажеттігін ескертуде.
Жаңа оқу жылымен бірге еліміздің төтеншелік мамандары тұрғындарды жылыту маусымына дайындау жұмыстарына да белсене кірісуде. Мәселен осы жылдың 15 тамызы мен 15 қыркүйегі аралығында Жетісу облысы аумағында «Тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығы» бірінші кезеңі бойынша жұмыстар басталды. Жылыту маусымы кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша тұрғындармен нұсқаулықтар өткізіліп, арнайы жадынамалар таратылуда. Сондай ақ арнайы үйлерге кіріп баспаналардың электр сымдарын, электр жабдықтарын, газ қазандықтарын, пештің жарамдылығы мен мұржаның бітелуін тексеріп, өрттің алдын алуға тырысуда. Атап өтер жайт көп жағдайда халықтың төтеншелік мамандарды үйге кіргізбеуге тырысып, қауіпсіздік ережелеріне селқос қарауы төтенше жағдайға ұрындырып жататындықтан халыққа түсіністікпен қарауды өтініп отыр.
Жалпы еліміздегі барлық салада араласып, түрлі төтенше жағдайдың алуға белсене араласатын әмбебап маман иелері төтеншеліктердің қызметі өте маңызды!