Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:01, 07 Наурыз 2022

Төтеншеліктердің еңбегі ерлікпен тең

None
None

Тілсіз жаудың бірі саналатын өрт жылдың төрт мезгілінде де тұтану қаупі бар, барлық уақытта өте қауіпті.

Жазда күннің қызуынан, күзде дала өрттерінің жедел тұтануынан, ал көктемде табиғат аясында демалушылардың ұқыпсыздығынан, қыста жылыту пештерінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан өрттер жиі тіркеліп жатады. Сондықтан өрт сөндірушілердің қызметі жылдың төрт мезгілінде де қауырт, қызу. Сәт сайын тілсіз жаумен бетпе бет келіп, өрт кезінде алдымен адамдарды құтқарып, сосын өртті жылдам өшіруге тырысып жатады.

Осы орайда айта кетер жайт, өткен жылы елімізде 7 515 өрт жағдайы тіркеліп, тілсіз жаудан 1 018 адам құтқарылған көрінеді. Өкінішке қарай өрт кезінде 251 адам қайтыс болып кеткен. Ал 217 адам түрлі дәрежедегі күйік алып, және өрт кезінде жиі кездесетін жағдайлардың біріне ұшырап, уланып қалған. Бұл туралы өткен жылдың аяғында ҚР Төтенше жағдай министрлігінің  Өртке қарсы қызмет комитеті басқармасының басшысы Ерлан Төрегелдиев мәлімдеген болатын.

Атап өтер жайт, тұрғындардың өрт кезінде түтінге уланып қалуы жиі кездесіп жатады. Яғни, сол уланудан ес-түсін жоғалтып өрттен шыға алмаудың соңы қайғылы жағдайларға ұласады. Тіпті өткен жылы осындай төтенше жағдайлар салдарынан қайтыс болушылардың саны күрт артқаны байқалған. Сондықтан өрт сөндірушілер тұрғындардан ең алдымен өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауды сұрайды. Әрине өрт сөндірушілер қайғылы жағдайдың алдын алуға барынша тырысады. Алайда төтенше жағдайлардың көбеюі олардың мүмкіндігінің де шектеулі екенін көрсетеді. Осы орайда ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтындағы мәліметке сенсек, биылғы жылдың төртінші наурызы күні бір ақ күннің ішінде 1 табиғи төтенше жағдай; 34 техногендік төтенше жағдай тіркелген. Құтқарушылар төтенше жағдай орнына 152 рет шығып, 34 өрт оқиғасы тіркелген.  52жану оқиғасы, 57 авариялық-құтқару жұмыстары, 3 іздестіру- құтқару жұмыстары және 5 әртүрлі сипаттағы төтенше жағдаймен байланысты оқиғалар орын алған. 18 адам, оның ішінде 7 бала құтқарылып, төтенше жағдай аумағынан 11 адам эвакуацияланған. Бұл бір күннің ішіндегі ғана қарбалас. Ал күн сайын осынша оқиға төтенше жағдай қызметінің көмегімен тиімді шешіліп жататынын ескерсек, төтенше жағдайлар қызметінің, құтқарушылардың, өрт сөндіру қызметінің ерлігі ерен екенін байқаймыз.

          Дегенмен еліміздегі төтенше жағдайлардың алдын алуды күшейту қажеттілігі сезіледі. Өйткені қайғылы жағдай еліміздегі әрбір 36-өртте тіркелсе, АҚШ-та бұл көрсеткіш 10 есе аз екен. Яғни әрбір 360 өртте 1 адам өлімі тіркелетін көрінеді. Демек болған өртпен күрескеннен гөрі, сол өрттің алдын алу жұмыстарын күшейту арқылы төтенше жағдайларды еселеп азайтуға болады. Бұл төтенше жағдайларға жұмсалған қаржыны да азайтып, өрт сөндірушілердің жұмысын жеңілдетуге де септігін тигізері анық. Сондықтан алдағы уақытта еліміздегі осы бағыттағы жұмыстар төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталса нұр үстіне нұр болар еді. Аз да болса төтенше жағдайдың алдын алу бағытында жұмыстар да ұйымдастырылуда. Мәселен төтенше жағдай қызметінің маманы Әлішер Нұрмахан «Өткен жылдың сәуір айынан бастап өртке қарсы қызметтің барлық бөлімшелерінде өрт туралы хабарламаларды өңдеу жүйесіне мүмкіндігі шектеулі адамдардың тұратын жері туралы деректер енгізілді, бұл автоматты режимде құтқарушыларға объектіде азаматтардың әлсіз санаттарының болуы туралы ақпаратты жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл біздің жұмысымызға да үлкен жеңілдік» дейді. Демек қандай да бір жалғызілікті қарияның үйінде төтенше жағдай бола қалса төтеншелік мамандарымыз оған жедел көмек көрсетуге әрқашан да әзір деп сенуге болады. Өйткені олар туралы деректер әрқашан төтеншелік мамандардың қолында. Бүгінгі күні мұндай ортақ дерек қорға мүмкіндігі шектеулі 94 мың адамның деректері енгізілген көрінеді. Бұл да болса еліміздегі төтенше жағдайлар қызметінің тез арада көмек көрсетуге ұмтылуының, төтенше жағдайдың алдын алуға тырысуының бір мысалы деп айта аламыз.

Осы секілді өртті ерте анықтау, қауіпті аймақтардан тұрғындарды уақытылы шығарылуын қамтамасыз ету, өрт қаупі туындаған жағдайда алдын ала дабыл жүйесінің іске қосылуы, газ қосу кезінде қауіпсіздік ережелерін барынша сақтау, пештерді дер кезінде тазалап отыру секілді төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарының маңызы зор!

Төтенше жағдай қызметінің мамандары төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында жылыту маусымдары басталар алдында тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік ережелері жазылған парақшалар таратып, мүмкіндігінше өрттің немесе басқа да қауіпті жағдалардың алдын алу мақсатында түрлі жұмыстар жүргізеді. Мәселен өткен жылы елімізде 24 мыңға жуық тұрғын үйде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 56 мың фактісі анықталған екен. Демек осынша төтенше жағдайдың алды алынды деп айта аламыз. Ең бастысы сол өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған 56 мыңнан астам жағдайда 26 мыңнан астамы сол заматты жөнделген. Төтеншелік мамандар «азаматтарға тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын жеткізудің ең қолжетімді тәсілі кең ауқымды үгіт-түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып қала бермек. Сондықтан түрлі акция аясында тұрғындармен тығыз қарым қатынастамыз» дейді. Демек төтенше жағдаймен күресуден бөлек, оның алдын алуда да сала мамандарының жұмысы оң нәтиже беріп отырғанын байқаймыз.

Осындай қауырт жұмысқа дайын болу үшін төтеншелік мамандар әрқашан дайындық жұмыстарынан өтіп, сақадай сай жүреді. Әсіресе көктемгі мезгіл төтеншелік мамандардың жұмысының еселенетін уақыты. Мәселен жақында ғана «Көктем-2022» республикалық командалық – штабтық оқу-жаттығуының қорытындысы шығарылды. Бұл оқу-жаттығу көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дайындау, сондай-ақ су тасқыны қаупі жағдайында ел халқы мен аумағын қорғауды ұйымдастыру, көктемгі су тасқыны кезеңінің зардаптарын азайту, басқарушылық шешімдерді пысықтау мақсатында өткізілген оқу жаттығу жұмыстары жоғары деңгейде өткізілді. Демек халықтың алдағы уақытта су тасқыны қаупінен қорықпауына болады. Себебі төтеншелік мамандар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрқашан дайын!

Тегтер: