«Тозақтың нақ өзі»: Николас Мадуро қамалған Нью-Йорктегі түрме туралы не белгілі
АҚШ әскери күштері ұстап, шұғыл түрде Нью-Йоркке жеткізілген Венесуэланың экс-президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес қазір Бруклин ауданында орналасқан Metropolitan Detention Center (MDC) атты федералды тергеу изоляторында қамауда отыр.
BBС-дің жазуынша, Америкалық адвокаттардың бірі бұл мекемені «тозақтың нақ өзі» деп сипаттаған. Кейбір судьялар тіпті айыпталушыларды бұл изоляторға жіберуден бас тартып келеді.

Мадуро Нью-Йоркке қалай жеткізілді?
Николас Мадуро Нью-Йоркке АҚШ-тың Есірткімен күрес басқармасының (DEA) екі агентінің күзетуімен жеткізілген. Қамауға алынған сәтте ол айналасындағылармен әзілдескен кейіп танытып:
“Good night” дегендеріңіз “buenas noches” қой, иә? Жаңа жылдарыңызбен!” - деген.
Одан кейін ол DEA штаб-пәтері арқылы өткізіліп, Бруклиндегі уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу аяқталғанға дейін Мадуро мен оның жұбайы дәл осы жерде қалуы мүмкін. Оларға есірткі мен қару-жараққа қатысты айыптар тағылған, алайда олар бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр.

MDC Brooklyn деген қандай мекеме?
Metropolitan Detention Center – Нью-Йорктегі Федералды түрмелер бюросына қарайтын жалғыз изолятор. Ол Бруклин ауданында, Нью-Йорк шығанағына жақын маңда орналасқан. Қала орталығындағы әйгілі нысандардан небәрі бірнеше шақырым жерде.
Изолятор 1990-жылдардың басында қалалық түрмелердің шамадан тыс толуына байланысты салынған. Бұрын бұл аумақта порт қоймалары болған. Бастапқыда ол Манхэттен мен Бруклиндегі федералды соттарға жеткізілетін ерлер мен әйелдерге арналған уақытша ұстау орны ретінде жоспарланған. Алайда кейінірек қысқа мерзімге сотталғандар да осы жерде ұстала бастады.
2021 жылы Манхэттендегі федералды изолятор жабылғаннан кейін, MDC Нью-Йорктегі жалғыз мекеме болып қалды. Ол түрме 2019 жылы атышулы қаржыгер Джеффри Эпштейннің жұмбақ жағдайда қаза табуынан кейін жабылған еді.
Қауіпсіздік күшейтілген, бірақ жағдай ауыр
Изолятор АҚШ прокурорының кеңсесі мен екі федералды соттың ортасында орналасқан. Ғимарат темір қоршаулармен, қашықтан бақылауға арналған камералармен қоршалған. Мадуро жеткізілгеннен кейін қауіпсіздік шаралары одан әрі күшейтілген.
Ресми деректерге қарағанда, изоляторда спорт алаңдары, медициналық бөлмелер мен кітапхана бар. Алайда бірқатар БАҚ тұтқындардың күннің көп бөлігін тар камераларда өткізетінін жазады. Бұл ақпаратты мекеме ресми түрде растаған жоқ.
«Адам төзгісіз жағдайлар»
MDC шамамен 1000 адамға есептелгенімен, 2019 жылы мұнда 1600-ге жуық адам ұсталған. Қазіргі таңда қамаудағылар саны 1330 шамасында. Ал 2024 жылдың қарашасында персонал саны қажетті деңгейдің жартысына да жетпеген.
Сарапшылардың айтуынша, тұтқындар санының шамадан тыс көптігі мен кадр жетіспеушілігі мекемедегі зорлық-зомбылықтың басты себептерінің бірі.
2019 жылы электр қуаты өшіп, қыстың ортасында изолятор бірнеше күн бойы жылусыз қалған. Осыдан кейін Нью-Йорк штатының бас прокуроры Летиция Джеймс федералды үкіметті сотқа беріп:
"MDC-дегі жағдай адамгершілікке жатпайды. Бостандықтан айыру адам құқығынан айыру деген сөз емес", - деп мәлімдеген.
Өлім, суицид
2021-2024 жылдар аралығында изоляторда бірнеше суицид фактісі тіркелген. 2024 жылы тұтқын Эдвин Кордеро басқа бір қамаудағы адам тарапынан пышақталып өлтірілген.
Осы оқиғалардан кейін кейбір судьялар айыпталушыларды MDC-ге жіберуге қарсы екенін ашық айтқан. Федералды судья Гэри Браун тіпті 75 жастағы айыпталушыны бұл изоляторға жібермеу үшін оған тағайындалған түрме жазасын үйқамаққа ауыстырған.
Коррупция мен контрабанда
2025 жылдың наурызында АҚШ Әділет министрлігі изоляторға қатысты 12 қылмыстық іс бойынша 25 адамды жауапқа тартқан. Олардың арасында бұрынғы түрме қызметкерлері мен қамаудағылар да бар. Айыптар қатарында зорлық-зомбылық, контрабанда және сыбайлас жемқорлық бар.

Мұнда кімдер отырған?
MDC-де бұған дейін әлемге белгілі тұлғалар да қамауда болған:
– Синалоа картелінің басшысы Хоакин «Эль Чапо» Гусман;
– Гондурастың экс-президенті Хуан Орландо Эрнандес;
– Джеффри Эпштейннің серігі Гислейн Максвелл;
– FTX криптоплатформасының негізін қалаушы Сэм Бэнкман-Фрид;
– Дональд Трамптың бұрынғы адвокаты Майкл Коэн;
– Рэпер әрі продюсер Шон Комбс (P. Diddy).
Енді бұл тізімге Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро да қосылды.
Metropolitan Detention Center – АҚШ қылмыстық-атқару жүйесіндегі ең даулы әрі ең ауыр мекемелердің бірі. Мадуроның дәл осы изоляторға қамалуы – тек құқықтық емес, сонымен қатар саяси әрі символдық шешім. Бұл қадам Вашингтонның Венесуэлаға қатысты қатаң ұстанымын және халықаралық деңгейдегі қысым тетіктерін айқын көрсетіп отыр.