Трамп 2.0. Саясатқа оралу
Дональд Трамп екінші рет Америка Құрама Штаттарының президенті болуға жақын. Түнгі дауыс санау кезінде Трамптың 25 штатта жеңіске жетіп, сайлаушылар алқасының 279 дауысын иемденгені белгілі болды.
АҚШ-тың әр штаты федерацияның мүшесі ретінде жеке-жеке дауыс береді. Және әр штат сайлау нәтижесін жеке-жеке шығарады. Сайлаушылар алқасының дауысы өте маңызды екенін өткен АҚШ президентін сайлау кезінде көрген едік. Ал Камала Харрис 223 дауыспен артта келеді.
Демократтардың атынан сынға түскен Камала Харристі демпартияның кей өкілдері жақтырмаса да, әйтеуір Трампқа дауыс бермеу үшін қолдаған. Әрі сенаттағы басымдылықтарын сақтағысы келді. Ал республикашылар Трамп жеңіске жету үшін бар күш-жігерін салды. Алдын ала есеп бойынша қазір республикашылар сенаттағы басымдықтарын қайтарды. Енді бақылаушы палата үшін күрес жалғасып жатыр. Бірақ Конгрестің әйтеуір бір палатасын келер жылдан бастап уысында ұстайтыны белгілі.
Сайлау алдында Трамп пен Камала Харристің мүмкіндігі тең көрінген. Әлеуметтанушылар ешқандай сауалнама жүргізудің қажеті жоқ деп санады. Бірақ сайлау басталғалы Дональд Трамптың басымдылығы, сонымен қатар айнымалы штаттарда айқын көрсеткішпен алда келе жатқаны белгілі болды.
Камала Харрис Вашингтонда сайлаушылардың алдына шығып, сөйлемейтін болды. Дауыс беру басталғанда көңілді болған жақтаушыларын соңына таман көңілсіз, жабырқаңқы күй басты. Ол түсінікті еді.
Reuters агенттігі Гарвард университетінің алдына Камала Харристің сөйлеуі үшін дайындалған алаңқайдың суретін жариялады. Онда үлкен лэд-экран орнатылған. Харристің аты-жөні жазылған. Және сайлаушыларға арналған орындықтар қойылған. Бірақ Камала ханым сөйлемейтін болған соң тұрғындардың бәрі үйіне қайтып кеткен. Тек бос орындықтар мен көңілсіз көрініс қана университет алдында мүлгіп тұрды.
Трамптың барлық аймақта басымдыққа ие болып жатқанын көрген жақтастары Флорида штатындағы штаб-пәтерлерінде Дональдтың жеңісін тойлауды жұрттан бұрын бастап кетті. Бәрі Трамптың ел алдында сөйлейтін сөзін күтіп жүрді. Әр сайлау сайын алдын ала болжамдар мен сарапшылардың пікіріне сүйеніп, сайлау нәтижесін жобалап айтатын Fox New телеарнасы Трамптың жеңіске жеткенін өзге ақпарат құралдарынан бұрын таратып үлгерді. Халық нәтижені ұзақ күткісі келмейтінін білетін телеарнаның осыған дейінгі бұндай ақпараттары көбіне ресми нәтижеге сәйкес шығып отырған.
Пенсильвания штатында жеңіске жеткен соң Трамп халықтың алдына шығып, қолдауларына рақметін айтты. Өйткені бұл штатта жеңіске жету – Трамптың басымдылығын одан әрі арттырған негізгі аймақ болып саналады. Сонымен қатар республикашылардың сенатта жеңіске жетіп, бақылау палатасында басымдыққа ие болатынын да айтып үлгерді.
Трамптың жеңетініне сенімді бола бастағандар ақырындап құттықтай бастады. АҚШ-тың вице-президенттігіне үміткер Джей Вэнс: «Теңдессіз саяси оралу» деп баға берді. Бірақ Трампты жеңісімен ашық құттықтаған жоқ.
Флорида штатында сайлаушыларының алдына шығып сөйлегенде Трамп Илон Маскқа ерекше алғыс айтты. «Бізде жаңа жұлдыз бар, ол – туды. Ол еліміз үшін маңызды адамдардың бірі» деген Трамп Масктың сайлау кампаниясына қосқан үлесін де атап өтуді ұмытпады.
«Бұл америкалықтардың ұлы жеңісі, бұл жеңіс Американы тағы ұлы етуге мүмкіндік береді», – деді.
Ресми нәтиже шықпаса да, Франция, Украина, Израиль, Сальвадор, Венгрия, Австрия, Сербия, Ұлыбритания сияқты елдердің лидерлері оның президент болып қайта сайлануымен елден бұрын құттықтап жатты. Кейін бұл қатарға Режеп Тайып Ердоған, Владимир Путин, Марк Рютте және Балтық елдері қосылды.
АҚШ демократтары ойсырай жеңілгенін мойындап, «бұл жеңілістен қорытынды шығаруымыз керек» деді. Барак Обаманың сайлауалды кампаниясын басқарған Джим Мессина Демократиялық партияның коммуникациямен байланысы нашар деп сөкті. «Сайлаушылардың аудиториясымен, испан тілді қауыммен және жастармен дұрыс жұмыс істеуіміз» керек деген сөзді айтты.
Трампқа «мұра» болып екі үлкен конфликт қалып барады. Таяу Шығыс пен Украина. Және баллистикалық ракеталарын шошаңдатып, Солтүстік Корея мен мазасы кетіп Тайвань аралы тұр. «Соғысты тоқтатамын» деген Трампқа бұндай ауыр жүктердің оңайға соқпайтыны белгілі.
Қасым Арықбай