Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:08

Трамп Ақ үйде Сирияның уақытша президентін қабылдады

Трамп пен Ахмед аш-Шара
Фото: SANA/AFP

2025 жылғы 10 қараша күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараамен кездесті.

 Бұл кездесу нәтижесінде Дамаск АҚШ жетекшілік ететін ДАИШ-қа қарсы халықаралық коалицияға ресми түрде қосылды.

Сол күні Сирияның уақытша үкіметіндегі ақпарат министрі Хамза Мустафа әлеуметтік желі X-та мәлімдеме жасап, елдің коалицияға қосылғанын растады. Ол бұл шешімді «терроризммен күрестегі және өңірлік тұрақтылықты нығайтудағы серіктестік қадамы» деп атады.

Министр атап өткендей, бұл келісім тек саяси сипатқа ие, әскери мәселесін қамтымайды. Неміс ақпарат агенттігі dpa жазғандай, Сирияның АҚШ коалициясына қосылуы Ахмед аш-Шарааның Вашингтонға ресми сапарынан кейін күтілген шешім болған.

Еске салайық, ДАИШ 2014 жылы Сирия мен Ирак аумағының үлкен бөлігін басып алған еді. Қазір ұйым әскери тұрғыда жеңіліс тапқанымен, шамамен 2,5 мыңдай содыр әлі де Ирак пен Сирияда жасырын әрекет етіп, терактілер ұйымдастыруды жалғастырып отыр.

 Ахмед аш-Шараа кім?

Ахмед аш-Шараа — 2024 жылдың соңында Башар Асадты биліктен тайдырған саясаткер. Бұған дейін ол Абу Мохаммед әл-Джулани деген атпен белгілі болған.

2003 жылы ол АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштеріне қарсы соғысу үшін Ирактағы «Әл-Каида» ұйымына қосылған. 2006 жылы америкалық әскерлер оны тұтқындап, Ирак түрмелерінде бес жыл ұстаған.

2011 жылы бостандыққа шыққан соң аш-Шараа «Джебхат ан-Нусра» (кейінірек — «Хайят Тахрир аш-Шам») ұйымын құрды. Бұл топ бастапқыда «Әл-Каидамен» байланыста болған және кей кезеңде ДАИш-пен де әрекеттескен. Кейін оның басты мақсаты — Башар Асад режимін құлату болды.

Fox News арнасына 10 қараша күні берген сұхбатында аш-Шараа:

«Менің “Әл-Каидамен” байланысым — өткеннің ісі. Бұл мәселе Трамппен кездесу кезінде талқыланған жоқ», — деп мәлімдеді.

 Ақ үйдің ұстанымы

Ахмед аш-Шараа — Сирия тәуелсіздік алған 1946 жылдан бері АҚШ президенті ресми түрде қабылдаған алғашқы сириялық мемлекет басшысы.

Кездесуден кейін Дональд Трамп аш-Шарааны: "керемет көшбасшы" деп атап, оның Сирияны "өте табысты мемлекетке айналдыра алатынына" сенім білдірді.

Ал АҚШ Мемлекеттік департаменті Сирияға қарсы санкцияларды 180 күнге уақытша тоқтату туралы шешім қабылданғанын хабарлады.