Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:55

Трамп әкімшілігі Гренландияны 700 млрд долларға сатып алуды қарастырып отыр

трамп гренландия
Фото: Gettyimages.ru © Andrew Harnik / Martin Zwick / REDA / Universal Images Group

АҚШ президенті Доналд Трамптың әкімшілігі Гренландияны сатып алу жөнінде ресми ұсыныс әзірлеуді талқылап жатыр.

 Бұл туралы Ақ үйдегі аты-жөні жарияланбаған жоғары лауазымды дереккөзге сілтеме жасаған NBC News хабарлады.

Мәліметке сәйкес, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиоға Гренландияны сатып алу бойынша ресми ұсыныс дайындау тапсырылған. Бұл бастама қазіргі таңда Трамп үшін ең басым бағыттардың бірі саналады. Егер жоспар іске асса, Вашингтон Данияға қарасты, өзін-өзі басқаратын аумақ — Гренландия үшін 700 миллиард долларға дейін төлеуі мүмкін. Телеканал дереккөздері аралдың ықтимал құнын ғалымдар мен АҚШ әкімшілігінің бұрынғы шенеуніктері осылай бағалағанын айтады.

Сонымен қатар, Трамп пен оның ең жақын кеңесшілері Гренландияны референдум арқылы АҚШ құрамына қосуды да балама жол ретінде қарастырып отыр. Бұл туралы Politico екі дереккөзге сүйеніп жазды.

14 қаңтар күні АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио Вашингтонға арнайы келген Гренландия және Дания өкілдерімен кездесу өткізеді. Кездесудің мақсаты — Трамптың ниеті мен ұсыныстарын егжей-тегжейлі түсіндіру.

Бұған дейін Трамп әлеуметтік желілерде Гренландияның АҚШ үшін ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды екенін, сондай-ақ «Алтын күмбез» атты зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін салу үшін қажет екенін жазған. Ол тіпті Гренландияны бақылауға алу үдерісіне НАТО жетекшілік етуі мүмкін екенін де меңзеген.

Соңғы апталарда Трамп АҚШ-тың Гренландияға деген талабы бар екенін бірнеше мәрте қайталады. Ол мұны «арал маңында Ресей мен Қытай кемелерінің пайда болуымен» түсіндірді. Ал Гренландия премьер-министрі егер халық АҚШ пен Данияның бірін таңдауға мәжбүр болса, Данияны таңдайтынын мәлімдеген. Бұған Трамп «бұл — олардың мәселесі» деп жауап қатты.

Ал Reuters агенттігінің дереккөздері АҚШ билігі Гренландия тұрғындарын Даниядан бөлініп, АҚШ-қа қосылуға үгіттеу үшін әр адамға бір реттік 10 мыңнан 100 мың долларға дейін төлем беру мүмкіндігін де талқылағанын хабарлайды.