Трамп: АҚШ алғаш рет Венесуэла аумағына соққы берді
АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның тарихта алғаш рет Венесуэла аумағына соққы жасағанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, операцияның мақсаты – халықаралық наркотрафикке қарсы күрес. Алайда АҚШ-тағы ресми органдар да, Каракастағы билік те бұл соққы туралы әзірге нақты ақпарат таратқан жоқ.
Трамп бұл мәлімдемені 29 желтоқсан, дүйсенбі күні Флоридада Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесу алдында жасады.
«Есірткі тиелген кемелер жөнелтілетін портта қуатты жарылыс болды. Біз барлық кемелерге соққы бердік, енді олар осы іспен айналысқан аумақтың өзін жойдық. Ол енді жоқ», – деді Трамп.
Осылайша ол 26 желтоқсанда Нью-Йорктегі WABC радиостанциясына берген сұхбатында айтқан сөзін нақтылай түсті. Ол кезде Трамп:
«Оларда үлкен зауыт немесе ірі нысан бар – кемелер сол жерден шығады. Екі күн бұрын біз оны залалсыздандырдық», – деген еді.
АҚШ әскері де, Венесуэла үкіметі де құрлықтағы соққы туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бұған дейін АҚШ әскери күштері тек есірткі тасымалдады деп күдікке ілінген венесуэлалық кемелерге шабуыл жасаған. Мұндай операциялардың әрқайсысы Каракастың қатаң сынына ұшырап келген.
Ақ үй, Пентагон және АҚШ-тың құқық қорғау органдары құрлықтағы соққыға қатысты журналистердің сұрағына жауап беруден бас тартты. Трамптың өзі де соққыны нақты қай күш құрылымы жүзеге асырғанын айтпады. Бұған дейін, қазан айында, ол АҚШ-тың құқық қорғау органдарына Венесуэлада операция жүргізуге рұқсат бергенін мәлімдеген болатын.
Әлеуметтік желілерде Маракайбо қаласында орналасқан Primazol Insumos Químicos химия компаниясының зауытында жарылыс болғаны туралы ақпарат тарады. Алайда компания бұл оқиғаны электр сымдарындағы ақаудан қоймада шыққан өрт деп түсіндірді.
Ал CNN телеарнасы 30 желтоқсанда дереккөздерге сілтеме жасап, ай басында АҚШ-тың құқық қорғау органдары Венесуэла жағалауындағы «алысырақ орналасқан нысанға» дрон арқылы соққы жасағанын хабарлады. Мәліметке сәйкес, бұл нысанды Tren de Aragua есімді наркобан есірткіні қайықтарға қайта тиеу үшін пайдаланған. Операцияға барлау тұрғысынан АҚШ армиясының арнайы операциялар күштері қолдау көрсеткен. CNN дерегінше, шабуыл салдарынан адам шығыны болмаған.