Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:45

Трамп: «АҚШ әскери кемелері Иранға қарай бет алды»

Кеме
Фото: Zuma\TASS

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран бағытында америкалық әскери кемелер жіберіліп жатқанын мәлімдеді. 

Оның айтуынша,  флот Иран жағалауларына «сақтық үшін» бет алып барады. Бұл туралы Трамп 22 қаңтарда Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумнан қайтып келе жатып журналистерге айтты.

«Бізде армада бар — осы бағытқа бет алған үлкен флот. Мүмкін, оны қолданудың қажеті де болмайтын шығар. Көре жатармыз», — деді Ақ үй басшысы.

Сонымен қатар Трамп Тегеранға қарсы әскери күш қолдануды қаламайтынын да атап өтті.

«Біз Иранды бақылап отырмыз. Мен ештеңе болмағанын қалар едім, бірақ оларды өте мұқият қадағалап отырмыз», — деді ол.

«Авраам Линкольн» Таяу Шығысқа бет алды

Reuters агенттігі америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлағандай, жақын арада Таяу Шығыс аймағына Авраам Линкольн әуе тасымалдаушы кемесі бірнеше басқарылатын зымырандармен жарақталған эсминецтердің сүйемелдеуімен жетеді.

Агенттік дереккөздерінің бірінің айтуынша, Иран тарапынан болуы мүмкін соққылардан АҚШ базаларын қорғау үшін өңірде қосымша әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері де орналастырылуы ықтимал.

Ирандағы наразылықтар: 5 мыңнан астам адам қаза тапқан

АҚШ-та орналасқан HRANA құқық қорғау желісі Ирандағы жаппай антиүкіметтік наразылықтарды басу кезінде 5002 адамның қаза тапқанын растады. Ұйым дерегінше, олардың ішінде 4714 наразылыққа шыққан азамат, 207 мемлекеттік қызметкер, 42 кәмелетке толмаған бала және 39 кездейсоқ өтіп бара жатқан адам бар. Тағы 9787 өлім жағдайы тексеру сатысында тұр.

Бұған дейін Иран үкіметінің бір өкілі де Reuters агенттігіне кемінде 5000 адамның қаза болғанын, оның ішінде шамамен 500 күштік құрылым қызметкері барын айтқан. Алайда ол «жазықсыз ирандықтардың» өліміне наразылық білдірушілердің өздерін кінәлаған.

HRANA мәліметінше, елде 26 800-ге жуық адам тұтқындалған. Иранның мемлекеттік БАҚ-тары да соңғы күндері елдің бірнеше өңірінде жаппай тұтқындау болғанын хабарлады.

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс

Трамптың мәлімдемелері 2025 жылдың желтоқсанында басталған Ирандағы жаппай наразылықтарды биліктің қатаң күшпен басуымен тұспа-тұс келіп отыр. Бастапқыда АҚШ президенті, егер билік демонстранттарды жаппай өлтіре бастаса, Иранға «бұрын-соңды болмаған соққылар» жасалатынын айтып, наразылыққа шыққандарға көмек «жолда келе жатқанын» мәлімдеген еді.

Алайда 16 қаңтарда Трамп риторикасын жұмсартып, «Иран 800-ден астам адамды дарға асудан бас тартты» деп айтқан.

Соған қарамастан, Трамп әкімшілігі әскери нұсқаны қарастыруды жалғастырып отыр. Axios басылымының дереккөздеріне сүйенсек, АҚШ президенті соққы беру туралы шешімді уақытша кейінге қалдырғанымен, әскери шабуыл күн тәртібінен алынған жоқ.