Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:10

Трамп: Ресей мен Қытай бақыламау үшін АҚШ Гренландияға иелік етуі тиіс

трамп гренландия
Фото: Gettyimages.ru © Andrew Harnik / Martin Zwick / REDA / Universal Images Group

АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландия аралына АҚШ иелік етуі қажет екенін мәлімдеді. 

Оның айтуынша, аралды жалға алу жеткіліксіз, себебі стратегиялық тұрғыдан маңызды аймаққа Ресей мен Қытайдың бақылау орнатуына жол бермеу керек. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Трамптың сөзінше, Гренландия мәселесінде АҚШ «жеңіл жолмен де, қиын жолмен де» әрекет етуге дайын.

 «АҚШ Гренландияға иелік етуі тиіс. Бұл  Ресей мен Қытайдың аралды бақылауына жол бермеу үшін қажет», — деді президент.

Ақ үйдің ұстанымы

Бұған дейін Ақ үй Гренландияны Даниядан сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген. Ресми мәлімдемелерде күш қолдану нұсқасы да жоққа шығарылмаған.

Трамп Гренландияның АҚШ қауіпсіздігі үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Арктика аймағындағы әскери-саяси бәсеке күшейіп келеді, ал Гренландия — осы өңірдегі стратегиялық түйін.

Қазіргі уақытта Гренландияда 100-ден астам америкалық әскери қызметкер бар. Даниямен жасалған келісімдерге сәйкес, Вашингтон аралдаға бұдан да көп сарбаз кіргізе алады. Алайда Трамптың пікірінше, бұл шаралар жеткіліксіз.

Сарапшылардың айтуынша, Трамптың бұл мәлімдемесі Арктикадағы геосаяси текетірестің күшейгенін көрсетеді. АҚШ аймақта Ресей мен Қытай ықпалының артуын ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатер ретінде бағалап отыр.

Гренландия — Данияға қарасты, бірақ жартылай автономды аумақ. Соңғы жылдары аралдың табиғи ресурстары мен әскери-стратегиялық орны ірі державалардың назарын өзіне аударып келеді.