Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:17

Трамп АҚШ мұнай компанияларын Венесуэлада жұмыс істеуге шақырды

Трамп
Фото: REUTERS

АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық мұнай компанияларын Венесуэлада мұнай өндіру жобаларына инвестиция салуға үндеді. Оның айтуынша, мұндай компаниялар салған қаржысын кейін пайда немесе өтемақы түрінде қайтара алады. 

Бұл туралы Дональд Трамп NBC News телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Президенттің сөзінше, АҚШ мұнай компаниялары Венесуэланың мұнай инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту ісіне қатыса алады, ал оның орнына Америка үкіметінен субсидия алуы мүмкін.

Трамптың пікірінше, Венесуэлада мұнай өндіру көлемін арттыруды көздейтін жобаны 18 айдың ішінде жүзеге асыруға болады. Алайда ол үшін «қомақты қаржы жұмсау қажет» екенін де атап өтті. Соған қарамастан, Венесуэлаға кірген америкалық компаниялар кейін «компенсация алады немесе кіріс есебінен шығындарын өтейді», деді АҚШ президенті.

Reuters агенттігінің 5 қаңтардағы хабарлауынша, АҚШ-тың ірі мұнай компаниялары – Exxon Mobil, ConocoPhillips және Chevron Трамптың Венесуэлада қызметін кеңейту туралы шақыруына әзірге асығыс жауап бермей отыр. Бұрын америкалық компаниялар Венесуэланың мұнай саласында ірі инвесторлар болған. Алайда 2000-жылдардың ортасында ел билігі мұнай секторын ұлттық меншікке өткізгеннен кейін мұнай өндіру көлемі үш есеге жуық қысқарған. Бұған АҚШ-тың санкциялары да әсер еткен.

Сарапшылардың пікірінше, америкалық компаниялардың Венесуэлаға қайта оралуына бірнеше фактор кедергі келтіруі мүмкін. Олардың қатарында елдегі инфрақұрылымның тозуы, жеткіліксіздігі, сондай-ақ Венесуэланың саяси болашағына қатысты белгісіздік бар. Сонымен бірге АҚШ-тың Венесуэлада жүргізген әскери операциясынан кейін бұл бағыттағы ұзақмерзімді саясаты қандай болатыны да әзірге анық емес.

Соған қарамастан, Reuters дерегінше, инвесторлар АҚШ компанияларының Венесуэланың бай мұнай қорларына қол жеткізіп, бұл мүмкіндікті сақтап қалуына үміт артып отыр.

Мәселен, Венесуэлада соңғы жылдары жұмысын тоқтатпаған жалғыз ірі америкалық компания — Chevron акциялары 5 қаңтар күні 5 пайызға өсті. Сол күні мұнай өңдеу саласындағы Marathon Petroleum, Phillips 66 және Valero Energy компанияларының акциялары 3-9 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ сервистік қызмет көрсететін Baker Hughes, Halliburton және SLB компанияларының акциялары да өсе бастаған.

АҚШ-тың Венесуэлада жүргізген әскери операциясынан және президент Николас Мадуроның тұтқындалуынан кейін ел басшылығы уақытша Делси Родригеске өтті. Ол бұған дейін Венесуэланың вице-президенті болған. Алайда ел Конституциясына сәйкес, уақытша басшы 30 күн ішінде жаңа президент сайлауының күнін белгілеуі тиіс. Дональд Трамп болса, бұл жақын арада болмайтынын айтты.

"Алдымен елді дұрыс бағытқа салуымыз керек. Қазір сайлау өткізу мүмкін емес, - деді Трамп NBC News-ке берген сұхбатында.

Делси Родригес бір жағынан тұтқындалған Мадуроға адалдығын білдірсе, екінші жағынан АҚШ-ты «бейбітшілік пен ынтымақтастыққа» шақырды. Ал Дональд Трамп Вашингтонмен ынтымақтастық орнамаса, «өтемі қымбатқа түседі» деп оған қатаң ескерту жасады.