Трамп: АҚШ-ты Иранның келіссөздердегі ұстанымы қанағаттандырмайды
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарлама бойынша келіссөздердегі ұстанымына көңілі толмайтынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Тегеран қажетті шарттарға келісуге дайын емес.
Бұл туралы ол 27 ақпанда Associated Press агенттігіне берген түсініктемесінде айтты. Мәлімдеме Женевада өткен кезекті келіссөздер раунды аяқталғаннан кейін жасалды.
«Олардың бізге қажет нәрсені беруге дайын еместігі мені қанағаттандырмайды. Сондықтан мен риза емеспін», – деді Трамп.
Сонымен қатар ол Иранға қарсы әскери күш қолдануды қаламайтынын, бірақ кей жағдайларда ондай қадамға баруға тура келуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Трамп Тегеранның уран байытуын «жол беруге болмайтын әрекет» деп атады.
Сол күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иранды «заңсыз ұстап қамауларды қолдайтын мемлекет» деп танығанын хабарлап, америкалық азаматтарды босатуға шақырды.
Оман сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди CBS арнасына берген сұхбатында Иран «ешқашан байытылған уран қорын жинамайтынына» келіскенін мәлімдеп, мұны «соғыстың алдын алуы мүмкін келіссөздердегі серпіліс» деп атады.
Оның сөзінше, келіссөздердің келесі техникалық кезеңі келесі аптада Вена қаласында өтеді.
Бұған дейін Al Jazeera дереккөздеріне сүйеніп, Тегеран уран байытуды тек уақытша тоқтатуға дайын екенін, бірақ ядролық нысандарын жоюдан бас тартатынын хабарлаған.
Иран билігі өз ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсатта екенін мәлімдеп келеді, дегенмен уранды қару жасауға жарамды деңгейге дейін байыту халықаралық алаңдаушылық туғызуда.
Бірқатар елдер азаматтарын өңірден кетуге шақырды
АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал шиеленіс аясында бірнеше мемлекет өз азаматтарына Таяу Шығыстан кетуге кеңес берді.
Ұлыбритания Тегерандағы елшілігінің бір бөлігін уақытша кері шақырып, Израильге тек аса қажет жағдайда ғана баруға кеңес берді.
Германия мен Франция да ұқсас ескертулер жариялады.
Қытай, Үндістан және Канада өз азаматтарын Ираннан тезірек кетуге шақырды.
АҚШ Иран аумағындағы азаматтарына елден «дереу» шығуға кеңес берді. Израильдегі АҚШ елшілігі қызметкерлерінің бір бөлігіне және олардың отбасыларына уақытша кетуге рұқсат берілді.
Жағдайдың әрі қарай қалай өрбитіні алдағы келіссөздер нәтижесіне байланысты болмақ.