Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:18

Трамп аятолла Хаменейдің мәлімдемесін сынады

Трамп
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның Жоғарғы көшбасшысы Хаменейді өтірік айту мен «жауапсыздықта» айыптап, Тегеранға қарсы санкцияларды жеңілдету идеясынан бас тартқанын мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп 28 маусымда Truth Social платформасында жариялаған жазбасында Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Али Хаменейдің «Иран Израильмен соғыста жеңіске жетті» деген мәлімдемесін қатаң сынға алды.

Трамп Хаменейдің сөздерін «өтірік пен ақымақтыққа толы» деп атап, оларды Иран халқын адастыратын «ұятсыз мәлімдемелер» деп сипаттады.

«Оның елі қирады, үш ядролық нысаны жойылды. Мен дәл қайда жасырынғанын білдім және Израильге де, әлемдегі ең мықты АҚШ Қарулы күштеріне де оны жоюға жол бермедім. Мен оны қорқынышты әрі масқара өлімнен аман алып қалдым», — деп жазды Трамп.

Трамп Хаменейден жеке алғыс күтпегенін айтқанымен, оның «ашу-ыза мен жеккөрушілікке толы» соңғы мәлімдемелерінен кейін, Иранға қарсы санкцияларды жеңілдету идеясынан біржола бас тартқанын мәлімдеді.

«Иран әлемдік тәртіпке оралуы керек, әйтпесе жағдай одан әрі нашарлай түседі», — деді Трамп.

АҚШ ядролық нысандарды бомбалауды қайта бастауға дайын

Ақ үйдегі баспасөз мәслихаты кезінде Трамп Иран уран байытуды қауіпті деңгейге жеткізсе, ядролық нысандарға соққы беруге еш ойланбастан бұйрық беретінін айтты.

Сонымен қатар, Трамп ядролық нысандарды Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) тексеруін қолдайтынын жеткізді. Ол АҚШ соққыларының нәтижесінде ядролық нысандар толық жойылды деген сенімде екенін қайталады.

Аятолла Хаменей: «Иран АҚШ пен Израильді тоқтатты»

Бұған дейін, 27 маусым күні Иран мемлекеттік телеарнасы аятолла Али Хаменейдің бейнеүндеуін жариялады. Онда ол Иран АҚШ пен Израильді агрессиядан бас тартуға мәжбүрледі, сол арқылы жеңіске жетті деп мәлімдеді.

Хаменейдің айтуынша, АҚШ Иранға шабуыл жасады, өйткені басқаша жағдайда Израиль толық жойылып кетуі мүмкін еді. Оның сөзінше, соққылар нәтиже бермеді, ал Иран ядролық бағдарламасын сақтап қалды.

Тегеран ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсатта екенін айтып келеді. Алайда Израиль мен АҚШ бұл мәлімдемеге күмәнмен қарайды. Қазіргі таңда ирандық ядролық нысандардың қаншалықты зақымдалғаны жөнінде нақты бағалау жоқ, бірақ АҚШ барлау қызметінің жетекшілері бұл соққылар айтарлықтай зиян келтірді деп отыр.