Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:36

Трамп айналасына көз аларта бастады

Трамп
Фото: Brian Snyder / Reuters

АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамптың президенттігі оңай басталайын деп тұрған жоқ. Әлі инаугурациясы болмаған Трамп баспасөз мәслихатын өткізіп, әлеуметтік желідегі парақшаларында өзге мемлекеттердің шамына тиетін сөздер айтып, белсенді бола бастады.

7 қаңтар күні басталған Лос-Анджелестегі өрт әлі басылған жоқ. Калифорния жұртшылығы желдің үдеуіне байланысты үрейлене бастады. Украинадағы соғысты тоқтату, Канаданы АҚШ-қа қосу, Панама каналын алу, Гренландияны Даниядан алу туралы сөздер айтып, жұрттың назарын өзіне аударған Трампқа инаугурациядан кейін ел ішіндегі жағдайды реттеуден қолы босар ма екен?

Гренландия Трампқа сатылмайды

2024 жылдың соңында Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Гренландияны АҚШ құрамына қосу қажеттілігі туралы жазды. Алғашында Трамп өз парақшасында АҚШ-тың Дания Корольдігіндегі елшісі қызметіне Кен Хуриді таңдағанын жазған.

«Кен – әлемге әйгілі кәсіпкер, инвестор және мемлекет қайраткері, ол менің АҚШ-тың Швециядағы елшісі ретіндегі бірінші қызмет мерзімімде елімізге тамаша қызмет етті, онда ол елдеріміз арасындағы қорғаныс, қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға күш салды» деген. Сонымен бірге Трамп Кен PayPal және Founders Fund венчурлық капиталының негізін қалаушы ретінде «америкалық инновациялар мен технологиядағы көшбасшылықты жаһандық жетістік тарихына айналдырды және бұл тәжірибе АҚШ мүдделерін шетелде көрсетуде баға жетпес болады» деп атап өтті.

«Дүниежүзіндегі ұлттық қауіпсіздік пен бостандық мүддесі үшін Америка Құрама Штаттары Гренландияға иелік ету мен бақылауды абсолютті қажеттілік деп санайды. Кен АҚШ мүддесін қорғайтын тамаша жұмыс жасайды» деген болатын Трамп.

Данияның автономиялық территориясының премьер-министрі Муте Эгеде: «Гренландия Гренландия халқына тиесілі» деп, Трамптың АҚШ-тың аралды бақылау қажеттілігі туралы мәлімдемесіне жауап берді. «Біз сатылмаймыз, азаттық жолындағы ұзақ күресімізді жоғалтпауымыз керек» деді Эгеде. Саясаткер Гренландия бүкіл әлеммен, әсіресе көршілерімізбен ынтымақтастық пен саудаға ашық болып қалуы керек екенін атап өтті. Ал Дания Қорғаныс министрлігінің басшысы Гренландияны қорғауға қосымша әскер жіберілетінін хабарлаған. Бұл сөздерді ол даниялық Jyllands Posten газетіне берген сұхбатында айтты.

Министрдің мәлімдемесіне сәйкес, әлемдегі ең үлкен аралды қорғауға қосымша «миллиардтаған» дат кронасы бөлінеді. Копенгаген бұл қаражатты екі патрульдік қайық, екі алыс қашықтыққа ұшатын ұшақ және екі шана иттерін сатып алуға жұмсайды, сонымен қатар Гренландиядағы әскер санын көбейтеді.

Трамптың аралға қызығып отырғаны көпшілікке түсінікті. Аралдың 80 пайызы мұзбен «қапталған». Тұрғындар саны – 60 000. Балығы көп, қазба байлығы да аз емес. Жаһандық жылынудың кезінде қазба байлықтарға қол жеткізу де едәуір жеңілдеген.

Гренландияда мұнай, уран және сирек кездесетін неодим, празеодим, диспрозий, тербий сияқты металдар бар. Бұл сирек қазба байлықтар жоғары технологиялардың өндірісі үшін аса қажет. АҚШ бұл металдарды қазір Қытайдан алып отыр. Қытай мен АҚШ арасындағы сауда қақтығысы жиі болып тұратындықтан, АҚШ бұл жөнінен Қытайдан тәуелсіз болғысы келеді.

Трамптың қызығып отырған тағы бір себебі – стратегиялық маңызды Арктикада орналасқаны. Гренландия арқылы Еуропа Солтүстік Америкаға тез жетеді. КСРО кезінен бұл аралда АҚШ-тың әскери базасы бар. Ресей мен Қытайға қарсы тұра алу үшін Арктикада да «бір аяғы» тұрғаны АҚШ үшін маңызды.

Канада мен Панама селк ете түсті

Президент тағына он күннің айналасында жайғасатын Трамп өзге мемлекеттердің жеріне көз тігуін бұнымен қойған жоқ. Канаданы АҚШ-тың бір штаты қылып, Панама каналына да ие болғысы келетінін жасырған жоқ. Трамптың бұл сөздеріне аталған мемлекеттер бірден реакция білдірді.

Truth әлеуметтік желісінде көптеген канадалықтар өз мемлекеттерінің АҚШ-тың 51-штаты болғанын қалайтынын жазған. «АҚШ Канадаға қажет тауар дефициті мен субсидияларға енді көнбейді. Джастин Трюдо осыны біліп, отставкаға кетті» деп жазды Трамп. Трамптың пікірі Канаданың премьері қызметінен кететіні белгілі болған соң шықты.

Трамптың ойынша, екі мемлекет қосылса, салық азайып, тауар тарифі құлайтын еді және екі елде (қосылған жағдайда бір мемлекет) Ресей мен Қытай тарапынан келетін теңіз қаупінен аман болар еді.

Оттава бұл сөзге үзілді-кесілді қарсылық танытты. Канаданың сыртқы істер министрі Мелани Джоли әлеуметтік желіде «Жаңадан сайланған президент Трамптың пікірлері Канаданы ненің күшті ел ететінін толық түсінбейтінін көрсетеді. Біздің экономикамыз мықты. Халқымыз мықты. Біз қауіп-қатер алдында ешқашан шегінбейміз» деп жазды. Ал Джастин Трюдо: «Канаданың Америка Құрама Штаттарының бір бөлігіне айналу мүмкіндігі жоқ. Екі елдегі жұмысшылар мен қауымдастықтар бір-бірінің ең үлкен сауда және қауіпсіздік серіктесі болудан пайда көреді» деп жазды.

Трюдоның сөзіне Илон Маск та пікір қалдырды. «Бойжеткен, сен енді Канаданың губернаторы емессің. Сенің пікірің ештеңеге әсер етпейді» деп мысқылдады Маск. Трюдоны бұрын Трамп та «губернатор» деп атаған. Бұл АҚШ-тың штаттарын басқаратын шенеуніктердің лауазымы.

Трамптың көз алартқан үшінші жері – Панама каналы. Тынық мұхитының Панама шығанағы арқылы Кариб теңізі мен Атлант мұхитын жалғайтын, әлемнің негізгі артерияларының бірі саналатын Панама каналын АҚШ 1999 жылға дейін бақылаған. Бірақ қазір Панама мемлекетіне қарайды. Трамп Панама билігін каналды пайдаланушыларға өте жоғары тариф қойған деп айыптап, «каналды өзімізге қайтарамыз» деп қорқытқан. Канал АҚШ-тың экономикасына, қауіпсіздігіне ерекше әсер етеді. Сол үшін каналды бақылау өзге ниетті адамдардың қолына түсіп қалмауы керек деген мағынада сөз айтқан болатын Дональд Трамп. Өзге ниетті деп отырғаны – Қытай. Оны Трамптың репликасынан байқауға болады.

Бұл сөзге Панама президенті Хосе Рауль Мулино жауап берді. «Панама каналының әр шаршы метрі Панама мемлекетіне тиесілі болған. Болашақта да солай бола береді» деді. Каналды Қытай жанама не тікелей де бақыламайды, оған АҚШ-тың жаңа билігі еш уайымдамаса болатынын айтқан. «Ақ үйдің жаңа әкімшілігімен жақсы, сенімді қарым-қатынаста боламыз деп үміттенеміз» деген.

Бірақ Трамп бұл сөзге тоқтаған жоқ. Жасанды интеллект арқылы жасалған АҚШ туы бар «Америка Құрама Штаттарының Каналына қош келдіңіз» деген жазуды жариялаған. 7 қаңтар күні Панама билігімен каналдың тағдырына қатысты әңгіме болып жатқанын айтқан. Бұл елдің Сыртқы істер министрлігі Трамп әкімшілігімен ешқандай байланыс болмағанын жариялады. Панаманың Сыртқы істер министрі Хавьер Мартинес-Ача Васкес: «Каналдың егемендігі талқылауға келмейтін тақырып және біздің күрес тарихымыздың ажырамас бөлігі» деді.

Демек Трамп көз тіккен аймақтарды аннексиялайтындай жағдай болса, онда Путиннің тағдырын қайталайды. Онсыз да АҚШ-қа қазір тілсіз жау – өрттің соққысы қатты тиіп тұр.

Үй орнында күл қалды

7 қаңтар күні Лос-Анджелесте басталған өрт осы уақытқа дейінгі табиғи апаттардың ең ірісі болды. 180 мың адам эвакуацияланып, 10 мыңнан астам құрылысты от жалмаған. Лос-Анджелес округінің патологоанатомы 24 адам қаза тапқанын хабарлады. 16 адам Итон каньонындағы өрттен, 8 адам Палисадтағы өрттен қайтыс болған.

Өртсөндірушілер осы өрттердің жойқын зардаптарын ауыздықтауға бар күш-жігерін салып жатыр. Мыңдаған құтқарушы Лос-Анджелес округінде халық тығыз орналасқан Палисадтағы ең үлкен өртті өшіруге тырысып жатыр.

Лос-Анджелесті шарпыған өрт сәнді сарайлардың орнына күлді қалдырды. АҚШ президенті Джо Байден өрттерді ірі табиғи апат деп жариялап, АҚШ үкіметі алдағы алты айда қалпына келтіру шығындарының 100 пайызын өтейтінін айтты.

Жексенбі күні Лос-Анджелес мэрі Карен Басс АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Трампты өрт болып жатқан аймаққа шақырған. Трамп бұл өрт елдегі ең ірі апаттардың бірі деп бағалап, қала билігін өрт сөндіре алмайды деп айыптады.

«Лос-Анджелесте әлі өрт қаулап тұр. Қолынан іс келмейтін шенеуніктер қалай өшіруді де білмейді. Мыңдаған сарайлар өртенді. Адамдар өлді. Әлі қанша адамды осы тағдыр күтіп тұр. Не дұрыс емес?» деп жазды Трамп.

Қасым Арықбай