Трамп Айова штатында Республикалық партияның ішкі сайлауында жеңіске жетті
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Айова штатында өткен партия ішілік сайлаудың бірінші кезеңінде жеңіске жетті.
Дауыстардың 95 пайызы саналғаннан кейін Трамп 51,1 пайыз дауыс жинағаны анықталды. Оның бәсекелестері Флорида штатының губернаторы Рон ДеСантис пен БҰҰ-дағы АҚШ-тың бұрынғы елшісі Никки Хейли 21,2 және 19,1 пайыз дауыс жинады. Бұл ақпаратты The New York Times хабарлады.
Келесі кезең 23 қаңтарда Нью-Гэмпширде Республикалық партияның бірінші праймеризі болады. Республикалық партия көктемнің соңына дейін АҚШ-тағы президент сайлауына өзінің кандидатын анықтауы керек. Ол шілде айында өтетін партия съезінде ресми түрде ұсынылатын болады. Сайлаудың өзі 5 қарашаға белгіленген. Трамп пен өзінің кандидатурасын жариялап үлгерген Ақ үйдің қазіргі басшысы Джо Байден тағы да бәсекеге түсуі мүмкін.
Трампқа Колорадо мен Мэндегі праймеризге қатысуға рұқсат етпеді
Бұған дейін Колорадо және Мэн штаттары Дональд Трамптың өз аумағында 5 наурызға белгіленген алғашқы сайлауға қатысуына рұқсат бермеу туралы шешім қабылдаған болатын. Осыған ұқсас сот істері оған қарсы бірнеше басқа штаттарда да қозғалған. Себебі, Трамп өз жақтастарын 2021 жылдың 6 қаңтарында Капитолийге басып кіруге шақырды деген күдікке ілінген. Бұрынғы президент оны праймеризге қатысуға рұқсат бермеу туралы шешімге аппеляциялық шағым түсіріп үлгерді, ал Жоғарғы сот оны тыңдауға келісті.

Бұған қоса, Трампты 2024 жылы тағы бірнеше сот процесі күтіп тұр, оның ішінде алаяқтық, жыныстық зорлық және ол жеңілген президенттік сайлаудың нәтижесіне ықпал етуге әрекет жасау айыптары бар. Бірақ соған қарамастан, бұл соттар Трамптың АҚШ президенттігіне үміткер болуына кедергі жасай алмайды, ал оның жақтастары оған қолдауды күшейтеді, дейді бақылаушылар.
Джо Байден Трамптың Ақ үйге қайта оралу әрекеті АҚШ үшін үлкен қауіп екенін айтты. Қазіргі президенттің айтуынша, оның қарсыласы өз билігі үшін елдің демократиялық жүйесін құрбан етуге дайын. Демократиялық жеңіс қана Американы құтқара алады, деп санайды Байден.