Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:05, 09 Тамыз 2025

Трамп Әзербайжан мен Армения арасында тарихи бейбітшілік келісіміне қол жеткізді

Әлиев, Трамп, Пашинян
Фото:whitehouse.gov

8 тамыз 2025 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинянды қабылдап, екі ел арасындағы ондаған жылдарға созылған қақтығысты тоқтататын тарихи бірлескен декларацияға қол қойғызды. Бұл – халықаралық дипломатиядағы ірі жетістік ретінде бағаланып отыр.

Кездесу барысында Әзербайжан мен Армения АҚШ-пен екіжақты экономикалық келісімдерге де қол қойды. Бұл келісімдер Оңтүстік Кавказ аймағында сауда, транзит, энергетика, инфрақұрылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты дамытып, халық пен бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

Бейбітшілік келісімі әскери текетірестен бас тартуды және Армения мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық және экономикалық байланыстарды қалпына келтіруді көздейді. Келісімнің маңызды бөлігі – Зәңгезур дәлізінің бір бөлігін 99 жылға америкалық компанияға беру. Бұл жол «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп жолы» (TRIPP) деп аталады.

Дональд Трамп келісімнің маңызын атап өтіп:
"35 жылдан астам уақыт бойы екі ел арасында қанды қақтығыстар орын алып, көптеген адам зардап шекті. Көптеген саясаткер шешім табуға тырысқанымен, нәтиже шықпады. Бұл келісім арқылы біз ақыры бейбітшілікке қол жеткіздік" деді.

Президент Әлиев те тарихи сәтті ерекше атап өтті:
"Бүгін Әзербайжан халқы үшін мақтаныш күні. Президент Трамптың арқасында бірнеше айдың ішінде Азияда, Африкада және қазір Оңтүстік Кавказда бейбітшілік орнады. Біз қақтығыстар мен қан төгуді артта қалдырып, балаларымызға жарқын болашақ сыйлаймыз" деді.

 Пашинян да бұл жетістік туралы айтты:
"Біз жаңа тарихтың негізін қалап отырмыз. Бұл – өткеннің қайғылы бетін жауып, болашаққа үмітпен қарауға мүмкіндік береді" деді.

Айта кетейік, Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ үшін қақтығыс 1980-жылдардың соңынан бері жалғасып келеді. 2020 жылы Ресейдің арағайындығымен жасалған атысты тоқтату келісімі қарым-қатынастарды қалпына келтірудің алғашқы қадамы болды, бірақ бейбітшілік келісіміне қол қою кейінге шегеріліп келген еді.