Трамп BBC-ден 1 миллиард доллар талап етіп, сотқа бермек
Трамп BBC-ге 1 миллиард доллар талап етіп, сотқа бермек – себебі «жалған монтаж» оны Капитолийді шабуылдауға шақырғандай етіп көрсеткен.
АҚШ-та британдық BBC корпорациясының «Трамп: екінші мүмкіндік пе?» атты деректі фильмі төңірегінде үлкен дау шықты.
The New York Times басылымының хабарлауынша, фильмде Дональд Трамптың 2021 жылғы сөзінен жасалған монтаж оны Капитолий ғимаратына шабуыл жасауға шақырғандай етіп көрсеткен. Бұл оқиға 2021 жылы 6 қаңтарда Вашингтонда шынымен орын алған еді.
BBC-нің мойындауы және отставкалар
Британдық телерадиокорпорация кейінірек мәлімдеме жасап, монтаждың «әрекетке тікелей шақыру әсерін тудыруы мүмкін екенін» мойындады. BBC бұл жағдайды «пікірдегі қате шешім» деп атап, ресми түрде кешірім сұрады.
Даудан кейін корпорацияның басшысы Тим Дейви мен жаңалықтар бөлімінің жетекшісі Дебора Тернесс отставкаға кеткен.
Трамптың талап-арызы
Трамптың адвокаттары BBC-ге жолдаған ресми хатында, егер корпорация ресми кешірім сұрап, материалдық өтемақы төлемесе, Ақ үй басшысы сотқа жүгінетінін ескерткен. Олар кемінде 1 миллиард доллар өтемақы талап етуді жоспарлап отыр.
2021 жылы Трамптың жақтастары Конгресс ғимаратына басып кіріп, сайлау нәтижелерін бекіту процесін тоқтатуға тырысқан болатын. Сол кезде БАҚ пен демократиялық партия өкілдері Трампты «тәртіпсіздікке себеп болды» деп айыптаған еді.
Ал бұл жолғы BBC фильмі сол оқиғаны қайта жаңғыртып, АҚШ президентінің беделіне нұқсан келтірді деген пікір басым.