Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:45

Трамп  бейбіт жоспарын әлі оқымаған Зеленскийге ренжігенін айтты 

Трамп
Фото: REUTERS

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина мен Ресей арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған өзінің соңғы бейбіт бастамасына Украина президенті Владимир Зеленскийдің әлі таныспағанын айтып, «сәл ренжігенін» жеткізді.

 Бұл туралы Трамп 7 желтоқсанда Вашингтонда өткен Кеннеди орталығының марапаттау рәсімінен кейін журналистерге берген сұхбатында мәлім етті.

Трамптың айтуынша, өткен аптадағы келіссөздерден кейін ол Ресей президенті Владимир Путинмен, сондай-ақ Украина басшылығымен – оның ішінде Зеленскиймен де телефон арқылы сөйлескен.

 «Президент Зеленскийдің әлі бейбіт жоспардың соңғы нұсқасымен таныспағаны мені сәл ренжітті. Бұл – бірнеше сағат бұрын ғана болған жағдай», – дейді Трамп.

Ақ үй бұл сұхбаттың видеосын өз YouTube-арнасында жариялады.

Трамп журналистерге Украина басшысы ұсыныстың мазмұнымен таныспаса да, Зеленский командасы бастаманы қолдағанын айтты.

«Оның адамдары бұл жоспарды өте жақсы деп бағалады. Бірақ ол өзі әлі оқымаған. Ресей бұл жоспарға келіседі. Егер ойлап қарасақ, Ресей соғысты толық жеңіп, бүкіл Украинаны басып алуды да құп көрер еді. Бірақ бұл жоспар бойынша Ресей келісімге дайын. Ал Зеленскийдің келісетініне сенімді емеспін», – дейді Трамп.

Ол «оның адамдары» деп делегацияны ма, әлде украин халқын меңзейтінін нақтыламады.

Украина президенті Владимир Зеленский 7 желтоқсанда өзінің Telegram-каналында Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен сөйлескенін растады.

«Америка өкілдері Украинаның негізгі ұстанымдарын жақсы біледі. Әңгіме конструктивті болды, бірақ оңай өткен жоқ», – деді ол.

Зеленскийдің сөзінше, Майамидегі келіссөздерде Украина делегациясына Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров пен Қарулы күштер Бас штабы бастығы Андрей Гнатов жетекшілік еткен. Олар келіссөз нәтижелерін Зеленскийге жеткізіп, одан кейін Брюссель мен Лондонда Еуропа лидерлерімен кездесулер жоспарланған.

Бұдан бұрын АҚШ президентінің Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог те соғысты тоқтату жөніндегі келісім «шын мәнінде өте жақын» екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, бітім тағдыры екі негізгі мәселені шешуге байланысты:

1. Донбастың болашағы;

2. Запорожье атом электр станциясының (ЗАЭС) мәртебесі.

Келлог: «Егер осы екі мәселені шеше алсақ, қалғанының бәрі оңай болады», – деді.

Reuters мәліметінше, қазіргі таңда Ресей Украина аумағының 19,2% бөлігін бақылап отыр. Бұған Қырым, Луганск облысының түгелге жуығы, Донецк облысының 80%-дан астамы, сондай-ақ Херсон мен Запорожье облыстарының шамамен 75%-ы кіреді. Сонымен бірге Харьков, Сумы, Николаев және Днепропетровск облыстарының кей бөліктері Ресей бақылауында.

Алдын ала ұсыныстарға сәйкес:

АЭС жұмысы қайта жандануы тиіс.

Станция халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) бақылауына беріледі.

Станцияда өндірілген электр энергиясы Ресей мен Украинаның арасында белгілі пропорциямен бөлінеді.

8 желтоқсанда Лондонда Германия, Франция және Ұлыбритания басшыларының кездесуі өтеді. Онда Майамидегі АҚШ-Украина келіссөздерінің нәтижесі талқыланып, Украинаның бейбіт жоспар бойынша келесі қадамдары айқындалуы мүмкін.

Тегтер: