Трамп Донбасс жөнінде даулы ұсыныс айтып, Путин мен Зеленскийді кездестірмек
АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысқа байланысты жаңа бастама көтерді.
Ол Владимир Путинмен келіссөздерден кейін 22 тамыз күні Ресей, Украина және АҚШ басшыларының үшжақты кездесуін өткізу ниетінде екенін айтты. Бұл туралы Axios басылымы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Үшжақты саммит жоспары
Трамптың сөзінше, 15 тамызда Аляскада өткен Путинмен келіссөздерден соң тараптар «келісімге біршама жақындаған». Ол бұл туралы Fox News арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Енді АҚШ президенті 18 тамызда Ақ үйде Владимир Зеленский және Еуропа одағы өкілдерімен кездеспек. Ал одан кейін, 22 тамызда Путин мен Зеленскийді үшжақты саммитке шақыру жоспары бар екенін Еуропа басшыларына телефон арқылы хабарлаған.
Донбасс мәселесі – басты шарт
The New York Times-тың жазуынша, Трамп Еуропа лидерлеріне Украина Донбасс аймағын Ресейге беруді ұсынған. Оның пікірінше, бұл – бейбіт келісімге қол жеткізудің ең жылдам жолы. Дереккөздердің айтуынша, егер Зеленский Донбастың қалған бөлігін Ресейге беруге келіссе, соғысты тоқтату мүмкін болып, Киев қауіпсіздік кепілдіктеріне ие болады.
Зеленскийге қысым ба?
Трамптың бастамасы халықаралық ортада үлкен пікірталас туғызды. Өйткені ол «барлығы Зеленскийге байланысты» деп мәлімдеген болатын. Бұл ұсыныс Украина егемендігі мен аумақтық тұтастығына қайшы келетіндіктен, қоғамда да, саясаткерлер арасында да наразылық тудыруы мүмкін.
Алдағы кездесулер
18 тамызда Ақ үйде өтетін Трамп пен Зеленскийдің кездесуі келіссөздердің нақты барысын айқындайды. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы келіссөздерден кейін үшжақты саммиттің болашағы анықталмақ.