Трамп «Эпштейн файлдарын» жариялау туралы заңға қол қойды
АҚШ билігі 30 күн ішінде миллиардер Жеффри Эпштейн ісіне қатысты барлық материалды ашуы тиіс.
АҚШ президенті Дональд Трамп ұзақ уақыт бойы қарсылық танытқаннан кейін, Жеффри Эпштейн ісіне қатысты құжаттарды жария етуді міндеттейтін EFTA – ашықтық туралы заңға қол қойды. Бұл туралы ол 19 қараша күні Truth Social желісінде жариялады. Заңға Конгрестің қысымы күшейген соң ғана қол қойылғаны айтылады.
Бір күн бұрын АҚШ Конгресі Эпштейн ісіне қатысты құжаттарды құпиядан шығару туралы заң жобасын 427 дауыспен қабылдаған. Тек бір республикашыл конгрессмен қарсы дауыс берген. Заң күшіне енуі үшін президенттің қолы қажет еді.
Заңға сәйкес, АҚШ Әділет министрлігі:
- Эпштейн ісіне қатысты барлық құпия емес жазбаларды,
- хаттарды,
- тергеу материалдарын,
- Прокуратура құжаттарын
30 күннің ішінде көпшілікке жария етуге міндетті.
Сонымен қатар заң Эпштейннің 2019 жылы федералдық түрмеде қайтыс болуына қатысты кез келген ақпаратты ашуды да талап етеді. Ресми нұсқа бойынша, ол өз өзі қол жұмсаған.
Жаңа заң алдағы уақытта қандай да бір құжатты «беделге нұқсан келтіреді» немесе «саяси салдары бар» деген себеппен жасырын ұстауға тыйым салады.
Алайда АҚШ Әділет министрі Пэм Бондиге тергеуге немесе жалғасып жатқан қылмыстық қудалауға зиян келтіруі мүмкін құжаттарды алып тастау құқығы берілген.
Заңға қол қойғанын хабарлаған Трамп әлеуметтік желіде:
«Демократтар Эпштейн тақырыбын біздің үлкен саяси жеңістерімізден халықтың назарын бұру үшін пайдаланып отыр. Бұл іс оларға бізден көбірек қатысты», – деп жазды.
Сайлауалды кампаниясы кезінде Трамп Эпштейн материалдарын ашуға уәде бергенімен, президент лауазымына кіріскелі бері тек өте аз және маңызды емес құжаттардың жариялануына ғана рұқсат берген.
Трампты сынайтындар оны өзінің мүмкін байланыстарын жасыруға тырысып отыр деп айыптайды.
Эпштейн ісі бойынша жаңа материалдар шықты
2 қыркүйекте Өкілдер палатасы қадағалау комитетінің мүшелері Эпштейн ісіне қатысты миллиардердің мұрагерлерінен алынған жаңа материалдарды жариялаған. Олардың кейбірінде: Трамптың Эпштейннің қылмыстық әрекетінен хабардар болған болуы мүмкін екені айтылады.
Бұдан бөлек, Демократиялық партия өкілдері: Трамп 20 жылдан аса уақыт бұрын Эпштейнге жолдаған туған күн хатының суретін таратты. Хатта «екеуіне ортақ ерекше құпия» туралы жазылған.
Эпштейн кім еді?
Жеффри Эпштейн – америкалық миллиардер және қаржыгер. 2000-жылдардың басында АҚШ-та кәмелетке толмаған қыздарға қатысты көптеген жыныстық қылмыстар жасағаны үшін айыпталған.
2019 жылы Нью-Йорк федералдық түрмесінде қаза тапты. Ресми дерек бойынша, ол суицид жасаған. Алайда қоғамның едәуір бөлігі Эпштейн беделді серіктестерін әшкерелеудің алдын алу үшін өлтірілген болуы мүмкін деп есептейді.