Трамп Еуропа көшбасшыларын қабылдап, Путинмен сөйлеспек

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғыс барысына көңілі толмайтынын мәлімдеді. Ол бұл туралы 7 қыркүйек, жексенбі күні Нью-Йоркте өткен US Open финалынан кейін журналистерге айтқан. Мемлекет басшысының сөздері Ақ үйдің Rapid Response 47 ресми парақшасында жарияланды.
«Мен риза емеспін. Бұл жағдайға мүлде көңілім толмайды… Бұл – адам өмірінің орасан зор шығыны», – деді Трамп.
Президент сонымен қатар, қақтығыстың жақын арада аяқталатынына сенім білдірді.
«Ресей мен Украина арасындағы жағдайды біз соңына дейін жеткіземіз. Бұған толық сенімдімін», – деп атап өтті Ақ үй басшысы.
Оның сөзінше, алдағы апта басында Еуропаның бірнеше мемлекет басшысы Вашингтонға бармақ. Олар Мәскеу мен Киев арасындағы соғысты тоқтатудың жолдарын талқылайды. «Кейбір Еуропа елдері көшбасшылары дүйсенбі немесе сейсенбі күні біздің елге келеді», – деді Трамп. Алайда нақты қай саясаткерлер келетінін ол ашып айтпады.
Сондай-ақ Трамп жуық арада Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесуді жоспарлап отырғанын жеткізді. «Өте жақын күндері. Алдағы бірнеше күн ішінде», – деді ол.
Бұған дейін, жексенбі күні, Трамп Ресейге қарсы санкциялардың «екінші кезеңіне» көшуге дайын екенін мәлімдеген болатын.
Ал АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент елдің Еуропа одағындағы серіктестерімен бірлесе отырып, ресейлік мұнайды сатып алатын мемлекеттерге қарсы қосымша шектеулер енгізуге әзір екенін айтты. Оның сөзінше, бұл шаралар «Ресей экономикасын күйретуге» бағытталған.
Өткен аптада Ақ үй басшысы егер Путин Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты келіссөздерде ынтымақтастық танытпаса, Вашингтон Мәскеуге қарсы қосымша қадамдар жасайтынын да ескерткен еді.