Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 16 Ақпан 2026

Трамп Газа секторына халықаралық көмек көрсетілетінін жариялады

Трамп
Фото: REUTERS

АҚШ президенті Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесіне мүше елдер Газа секторына гуманитарлық қолдау көрсету және оны қалпына келтіруге миллиардтаған доллар бөлуге келісіп жатқанын мәлімдеді.

 Бұл туралы ол 15 ақпанда Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Трамптың сөзінше, Бейбітшілік кеңесінің «шексіз әлеуеті» бар және оның тиімділігі бұрыннан дәлелденген.

Трамп өткен жылдың қазанында Газа қақтығысын түбегейлі тоқтатуға бағытталған жоспар ұсынғанын еске салды. Ол жоспары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан бірауыздан қолдау тапқанын атап өтті.

«Осыдан кейін гуманитарлық көмек жедел жеткізіліп, барлық кепілге алынғандар босатылды», - деді Трамп.

15 ақпанда Израиль қайтадан Газа секторына әуе соққыларын жасады. Салдарынан тоғыз адам қаза тапты. Reuters агенттігі жергілікті қызметтерге сілтеме жасап хабарлағандай, авиаударлар сектордың солтүстік және оңтүстік бөліктеріне тиген.

Медициналық деректерге сәйкес, төрт адам уақытша қоныстанған лагерьге жасалған соққыдан көз жұмған. Тағы бес адам Хан-Юнис қаласында қаза тапқан.

Израиль армиясы бұл шабуылдарды ХАМАС тарапынан атысты тоқтату режимін бұзу ретінде түсіндірді. ЦАХАЛ мәліметінше, қарулы жауынгерлер «сары сызықты» кесіп өтіп, туннельден шыққан.

Айта кетейік, ақпан айының басында да Израиль Газаға шабуыл жасаады. Al Jazeera мәліметінше, Израильдің Газа секторына жасаған әуе шабуылдары салдарынан кемінде 18 палестиналық көз жұмды. Қаза тапқандардың ішінде үш бала, оның ішінде екі сәби бар.
ДДҰ дерегіне сәйкес, қазіргі таңда 18 500 адам эвакуацияны күтіп отыр, олардың шамамен 3 мыңы балалар.

Бітім жарияланғанына қарамастан, Израиль атысты тоқтату режимін бұзуды жалғастырып келеді. Газа денсаулық сақтау министрлігі бітім енгізілгеннен бері 529 адамның қаза тапқанын мәлімдеді.