Трамп Газадағы қақтығысты тоқтату жоспарын ұсынды

Трамп Газадағы жағдайды реттеу үшін «Бейбітшілік кеңесін» құруды және оны өзі басқаруды ұсынды.
Ақ үйдің хабарлауынша, құжат бірнеше негізгі тармақтан тұрады. Жоспар екі тараппен мақұлданса, соғыс әрекеттері дереу тоқтайды.
«Бұл кеңесті мен басқарамын. Мен оны басқаруды сұраған жоқпын, сеніңіздер… Бірақ біз бұл істің жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек. Араб әлемінің көшбасшылары, Израиль және барлық қатысушылар мені осыны атқаруға шақырды. Кеңесті Дональд Трамп деген джентльмен басқарады», - деді АҚШ президенті.
Жоспарға сәйкес, Израиль ресми келісім бергеннен кейін 72 сағат ішінде барлық тұтқындар қайтарылуы тиіс. Құжатта Израильдің Газаны оккупацияламайтыны нақты көрсетілген.
Сонымен қатар бейбіт келісімді қабылдаған жағдайда ХАМАС мүшелеріне Газадан қауіпсіз кету мүмкіндігі ұсынылады. Ұйымның барлық әскери құрылымдары таратылатыны да жоспарға енгізілген.