Трамп Газаға қатысты жаңа бейбіт бастама көтерді
АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторына қатысты бейбітшілік кеңесі (Board of Peace) құрылатынын мәлімдеді.Бұл туралы шетелдік басылымдар, соның ішінде Reuters пен Anadolu Agency хабарлады.
Трамптың айтуынша, жаңа орган Газаға арналған АҚШ қолдайтын бейбітшілік жоспарының екінші кезеңін іске асыруға бағытталады. Кеңес аймақтағы қақтығыстан кейінгі басқару, қауіпсіздік, қалпына келтіру және гуманитарлық мәселелерді үйлестірумен айналыспақ. Дональд Трамп бұл кеңесті «өте беделді әрі маңызды құрылым» деп атап, оның төрағасы өзі болатынын айтты, алайда мүшелерінің нақты тізімі әзірге жарияланған жоқ.
Reuters дерегінше, бастама аясында Газада уақытша технократиялық әкімшілік құру, аумақты демилитаризациялау және халықаралық донорлардың қатысуымен қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.
Ал Anadolu Agency жазуынша, кеңес жұмысына Таяу Шығыс пен Еуропаның бірқатар елдерінің өкілдері тартылуы мүмкін. Бұл бастама халықаралық қауымдастықта әртүрлі пікір туғызды: кейбір сарапшылар оны қақтығысты тоқтатуға бағытталған жаңа дипломатиялық қадам деп бағаласа, енді біреулері АҚШ-тың рөліне қатысты күмән келтіреді.