Трамп Гренландия бойынша келісім болғанын айтып, кедендік баж салығын енгізуден бас тартты
АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияға қатысты мәміленің шарттары бойынша келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
Осыған байланысты ол бұған дейін жоспарланған бірқатар елдерге қарсы жоғары кедендік баж салығын енгізу туралы шешімін кері қайтарды. Бұл туралы Deutsche Welle жазды.
Трамптың айтуынша, келісімге келу НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен өткен «өте нәтижелі кездесу» барысында мүмкін болған.
" Егер бұл шешім толық іске асатын болса, ол АҚШ пен НАТО-ға мүше барлық елдер үшін үлкен пайда әкеледі. Осыған байланысты мен 1 ақпаннан бастап күшіне енуі тиіс тарифтерді енгізбеймін, - деп жазды Ақ үй басшысы.
Кейінірек Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында журналистерге берген сұхбатында Трамп бұл келісімді «ең ұзақ мерзімді мәміле» деп атап, оның тұрақты болатынын айтты.
Баж салығы мәселесі
Еске салайық, бұған дейін Дональд Трамп 1 ақпаннан бастап Дания, Норвегия, Швеция, Франция, Германия, Ұлыбритания, Нидерланд және Финляндиядан АҚШ-қа жеткізілетін барлық тауарларға 10 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеген болатын. Ал 1 маусымнан бастап бұл мөлшерлеме 25 пайызға дейін өседі деп жоспарланған еді. Бұл шаралар Гренландия бойынша келісімге қол жеткізілгенге дейін күшінде болуы тиіс болған.
Сонымен қатар Трамп қазіргі уақытта Гренландия төңірегіндегі ахуал аясында АҚШ-тың «Алтын күмбез» деп аталатын әуе қорғанысы жүйесіне қатысты қосымша келіссөздер де жүріп жатқанын айтты.
НАТО растады
НАТО Бас хатшысы Марк Рютте де АҚШ президентінің мәлімдемесін растады. Ол Давоста Германияның ARD телеарнасына берген сұхбатында:
"Трамптың айтқандары шындық", — деді.
Алайда Рютте келісімнің нақты егжей-тегжейін жарияламады, тек келіссөздердің жалғасып жатқанын жеткізді.
НАТО Бас хатшысының баспасөз хатшысы кейінірек бұл кездесудің Арктика аймағының қауіпсіздігіне арналғанын атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ, Канада, Дания, Норвегия, Швеция, Финляндия және Исландияның бірлескен күші арқылы Арктикадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету көзделіп отыр.
" Дания, Гренландия және АҚШ арасындағы келіссөздер Ресей мен Қытайдың бұл аймақта экономикалық та, әскери тұрғыдан да орнығуына жол бермеу мақсатында жалғасады", — деді ол.
Германия сақтыққа шақырды
Германияның қаржы министрі Ларс Клингбайль Трамптың тарифтерден бас тарту шешіміне байланысты асығыс оптимизмге берілмеуге шақырды.
"Олардың диалог жүргізіп жатқаны жақсы, бірақ бұл мәселеде сәл күтіп, тым ерте үлкен үміт артпауымыз керек", — деді ол ZDF телеарнасының эфирінде.
АҚШ-тың Гренландияға талабы
Дональд Трамп бұған дейін бірнеше рет Гренландия «бейбіт жолмен болмаса, басқа жолмен» АҚШ бақылауына өтуі тиіс екенін айтқан. Оның пікірінше, арал Арктика аймағының қауіпсіздігі мен АҚШ-тың ұлттық мүдделері үшін стратегиялық маңызға ие.
Трамп Ресей мен Қытайдың Арктикада суасты қайықтары арқылы белсенділігін арттырғанын алға тартады. Ал Дания мен өзге еуропалық елдер Гренландияның НАТО арқылы қорғалғанын және АҚШ-тың аралдағы әскери қатысуы 1951 жылғы келісіммен реттелгенін еске салады.
Бастапқыда Трамп Гренландияны бақылауға алудың бірнеше нұсқасын, соның ішінде күш қолдану немесе аралды сатып алу мүмкіндігін де жоққа шығармаған еді. Алайда 21 қаңтарда Давоста сөйлеген сөзінде ол әскери күш қолданбайтынын мәлімдеді. Ал Дания билігі Гренландияны сату жөнінде АҚШ-пен келіссөз жүргізбейтінін нақты айтты.