Трамп импичмент қаупіне байланысты Гренландияға басып кіруден бас тартты – БАҚ
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Гренландия аралын бақылауға алу мақсатында әскери операция жүргізу жоспарынан бас тартқан.
Бұған Трамқа импичмент жариялануы мүмкін деген қауіп себеп болған. Бұл туралы дереккөздерге сүйенген Reuters хабарлады.
Демократтар да, республикалықтар да Трамп Конгреспен алдын ала кеңеспей, Гренландия аумағында шабуыл бастауы мүмкін деген алаңдаушылық білдірген. Дереккөздердің айтуынша, олар мұны АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен және Ақ үйдің өзге де жоғары лауазымды өкілдерімен өткен кездесулерде айтқан.
Reuters келтірген мәліметтерге қарағанда, бірқатар шенеуніктер Трамп әкімшілігіне Гренландияда әскери операция өткізуден бас тартуға кеңес берген. Ал кейбір республикашыл саясаткерлер АҚШ аралға күш қолдану арқылы кіретін болса, бұл президентке импичмент жариялауға негіз болуы мүмкін екенін ескерткен.
Гренландия Данияның автономды аумағы. Кейінгі апталарда Дональд Трамп АҚШ-тың бұл аралға мүдделі екенін бірнеше мәрте мәлімдеп, мұны Ресей мен Қытай тарапынан туындауы мүмкін қауіптермен түсіндірген. Алайда Гренландия билігі АҚШ құрамына қосылуға үзілді-кесілді қарсы екенін ашық айтты.
Бұған дейін Ақ үй Гренландияны сатып алу мүмкіндігін де қарастырғаны белгілі болған. Сонымен қатар, Вашингтон күш қолдану нұсқасын да толық жоққа шығармаған еді. Алайда Конгрестегі екі партия өкілдерінің қысымы мен импичмент қаупі Трамп әкімшілігін бұл жоспардан уақытша бас тартуға мәжбүр еткен сыңайлы.