Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:35

Трамп: Иран басшылығы келіссөз жүргізгісі келеді

Трамп
Фото: reuters.com

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран басшылығы Вашингтонмен келіссөз өткізу ниетімен өзіне хабарласқанын мәлімдеді.

 Бұл туралы Ақ үй басшысы 11 қаңтар күні Air Force One ұшағының бортында журналистерге айтты.

«Иран басшылары қоңырау шалды. Қазір кездесу ұйымдастырылып жатыр», - деді Трамп.

 Оның айтуынша, Тегеран келіссөз жүргізуге мүдделі. Алайда АҚШ президенті «кездесуге дейін белгілі бір әрекет жасауымызға тура келуі мүмкін» деп, нақты егжей-тегжейін ашпады.

Тегеран әзірге Трамптың бұл мәлімдемесіне ресми түсініктеме берген жоқ.

Бұған дейін Дональд Трамп Ақ үй мен АҚШ әскерилері Ирандағы жаппай наразылықтарға байланысты әрекет ету нұсқаларын талдап жатқанын айтқан болатын.

«Әскерилер жағдайды зерттеп жатыр, біз өте қатаң нұсқаларды да қарастырып отырмыз», — деген еді ол.

Сондай-ақ Трамп Иран оппозициясының жетекшілерімен байланыста екенін жеткізген.

АҚШ-та орналасқан құқық қорғау ұйымы HRANA дерегіне сүйенсек, Иранда жалғасып жатқан тәртіпсіздіктер кезінде 500-ден астам адам қаза тауып, 10 600-ден аса адам ұсталған.

Ирандағы наразылықтар 2025 жылғы 28 желтоқсанда басталды. Сол күні Тегерандағы дүкен иелері экономикалық жағдайдың нашарлауына қарсылық ретінде сауда орындарын жапты. Кейіннен акцияларға елдің өзге ірі қалаларының тұрғындары қосылды.

30 желтоқсан күні наразылар мен полиция арасында алғашқы қақтығыстар тіркеліп, қауіпсіздік күштері көзден жас ағызатын газ қолданғаны хабарланды. Көп ұзамай шерулер саяси сипат ала бастады. Наразылардың бір бөлігі Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы Әли Хаменеиге қарсы «Диктаторға өлім» деген ұрандар айтты. Сондай-ақ олар режимнің ауысуын және шах әулетінің өкілі Риза Пахлавидің билікке келуін талап етуде.

Иран экономикасы соңғы жылдары шамамен 40 пайыздық инфляция мен Батыс санкцияларының салдарынан ауыр күй кешіп отыр.

Еске сала кетейік, 2 қаңтар күні Дональд Трамп Truth Social желісінде ескерту жасап, егер Иран қауіпсіздік күштері ауыр экономикалық ахуал мен қымбатшылыққа қарсы бейбіт шеруге шыққандарға оқ атса, АҚШ араласатынын мәлімдеген еді.

Кейін бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Тегеран қаласының мэрі Алириза Заканидің айтуынша, 9 қаңтарға қараған түні өткен акциялар кезінде 50-ден астам банк пен бірнеше мемлекеттік мекеме өртеліп, өрт салдарынан 30-дан аса мешітке зақым келген.