Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:39

Трамп Иранда басшы қалмаған кезде ғана соғыс аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді

Трамп
Фото: Reuters

АҚШ президенті Иранмен келіссөз жүргізуге ниеті жоқ екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, соғыс тек Иранда әскер де, саяси басшылық та қалмаған кезде ғана аяқталуы мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

«Бір сәтте берілеміз деп айтатын ешкім қалмауы да мүмкін», – деді Трамп журналистерге президенттік ұшақ Air Force One бортында.

Соғыс жалғасып жатыр

Қақтығыс екінші аптаға ұласты. Израиль әскері Иран аумағына жаңа соққылар жасап, зымыран нысандары мен командалық орталықтарды нысанаға алды. Tегран қаласында бірнеше  жарылыс болғаны хабарланды.

Елдің үш аймағындағы, соның ішінде астанаға жақын орналасқан Караж қаласындағы жанармай қоймалары да соққыға ұшыраған.

Иранның БҰҰ-дағы елшісінің мәліметінше, америкалық-израильдік шабуылдар салдарынан кемінде 1332 бейбіт тұрғын қаза тауып, мыңдаған адам жараланған.

Соғыс ауқымы кеңейіп барады

Иран АҚШ әскери базалары орналасқан Парсы шығанағы елдеріне де соққы жасады. 

Кувейттің ұлттық мұнай компаниясы өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр болды. Ал Бахрейн  аумағында орналасқан америкалық әскери база да шабуылға ұшырады.

Сондай-ақ Норвегия астанасы Осло қаласында АҚШ елшілігіне жақын жерде жарылыс болып, ғимаратқа зақым келген. Қаза тапқандар жоқ, оқиғаның себебі анықталып жатыр.

Бұл арада Израиль соққыларын қайта бастады. Тель-Авив Бейрутты «Хезболла» қозғалысын тоқтатпаса, ауыр салдары болатынын ескертті. Апта басынан бері Ливандағы израильдік шабуылдардан 300-ге жуық адам қаза тапқан.

Иран президентінің кешірімі сынға ұшырады

Иран президенті Масуд Пезешкиан көрші мемлекеттердің аумағына жасалған соққылар үшін кешірім сұрап, оларды Иранға қарсы шабуылдарға қосылмауға шақырды.

Алайда бұл мәлімдеме ел ішінде қатаң бағытты қолдайтын топтардың сынына ұшырады.

Кейін Иран басшылығы армия көрші мемлекеттердің аумағынан жасалған кез келген шабуылға жауап беретінін мәлімдеді.

Мұнай мен логистикаға қауіп төнді

Қақтығыс іс жүзінде Ормуз бұғазындағы теңіз қозғалысын тоқтатуға жақын жағдайға жеткізді. Бұл – әлемдегі ең маңызды мұнай тасымал жолдарының бірі.

Соның салдарынан мұнай бағасы соңғы жылдардағы ең жоғары деңгейге көтерілді. Сонымен қатар Ирак пен Катар да мұнай мен газ өндірісін қысқарта бастағаны хабарланды.