Трамп Иранға келісімнен бас тартса “тозақ орнататынын” мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеу жөніндегі келісімге Иран келіспеген жағдайда “тозақ орнатуға” дайын екенін мәлімдеді.
Бұл туралы Ақ үйдің өкілі Кэролайн Левитт брифинг барысында айтты.
Оның сөзінше, егер Иран “шынайылықты қабылдамай”, жеңілгенін түсінбесе, АҚШ бұрын-соңды болмаған соққы беруге дайын.
— Президент Трамп жалған сөйлеп отырған жоқ. Ол шын мәнінде “тозақ орнатуға” дайын. Иран тағы да қателеспеуі керек, — деді Левитт.
Сонымен қатар Ақ үй өкілі АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, америкалық тарап ұсынған 15 тармақтан тұратын жоспар бойынша кейбір мәліметтер шындыққа жанасады.
Ал Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ ұсыныстары қарастырылып жатқанын, алайда делдалдар арқылы хабар алмасу толыққанды келіссөз емес екенін айтты. Оның сөзінше, Тегеран “соғысты өз шарттарымен аяқтауға” ниетті.
Сол күні Иран парламентінің спикері Мохаммад-Багер Галибаф та мәлімдеме жасап, ел барлау қызметтері Парсы шығанағындағы аралдардың бірін басып алу жоспары бар екенін анықтағанын айтты. Оның ескертуінше, мұндай жағдайда қарсы тараптың маңызды инфрақұрылымдары үздіксіз соққы нысанасына айналуы мүмкін.