Трамп Иранға Ормуз бұғазын ашу үшін 48 сағат уақыт берді
АҚШ президенті Ормуз бұғазы ашылмаған жағдайда, америкалық қарулы күштер соққы жасайтынын мәлімдеді.
Трамптың айтуынша, егер бұғаз 48 сағат ішінде толық ашылмаса, АҚШ Ирандағы бірнеше электр станциясын жоюға қауқарлы.
— Егер Иран екі күн ішінде Ормуз бұғазы арқылы толық әрі қауіпсіз өтуді қамтамасыз етпесе, АҚШ ең ірі нысаннан бастап бірнеше электр станциясына соққы жасайды, — деп жазды ол Truth Social желісінде.
Бұған дейін АҚШ әкімшілігі Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерді қорғау үшін халықаралық коалиция құру жоспарын жариялауы мүмкін екені хабарланған.
Еске сала кетейік, әлемдік мұнай тұтынудың шамамен 20 пайызы (тәулігіне шамамен 20 млн баррель) өтетін Ормуз бұғазы мұнай жеткізілімдері үшін стратегиялық маңызға ие. Қазіргі уақытта бұл аймақта кеме қозғалысы іс жүзінде тоқтап тұр.
21 наурызда АҚШ Иран мұнайын сатуға және тасымалдауға қатысты операцияларды жүргізуге рұқсат берді. Бұл тек 20 наурызға дейін танкерлерге тиелген мұнайға қатысты. Тиісті шешім Шетелдік активтерді бақылау басқармасы жариялаған бас лицензияда бекітілген.