Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:07

Трамп Иранға жаңа соққылармен қоқан-лоққы жасады

USS Abraham Lincoln
Фото: Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран ядролық келісімге келіспейтін болса, Иран аумағына жаңа соққылар жасалуы мүмкін екенін ескертті.

 Иран билігі келіссөздерге ашық екенін мәлімдегенімен, ықтимал агрессияға жауап беруге де дайын екенін айтып отыр.

АҚШ басшысы Иранды ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерге келуге шақырып, «уақыт таусылып бара жатқанын» айтты. Бұл мәлімдеме Парсы шығанағында АҚШ Қарулы күштерінің үздіксіз күшейтіліп жатқан тұсында жасалды.

Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде «алып армада тез, үлкен күшпен, табандылық таныта отырып» Иран бағытына бет алғанын жазды.

«Иран тезірек келіссөз үстеліне отырып, әділ әрі тең құқылы келісімге  ешқандай ядролық қарусыз келіскенін қалаймын. Бұл баршаға тиімді болар еді. Уақыт таусылып барады»,- деп жазды Трамп.

Оның айтуынша, Парсы шығанағына шоғырланған АҚШ Әскери-теңіз күштері Венесуэлаға әскер жіберілген кезеңдегіден де ауқымды. Атап айтқанда, USS Abraham Lincoln авианосеці бастаған соққы тобы өңірге жеткен.

Трамп бұл күштердің «миссиясын тез әрі қажет болса, күш қолдану арқылы орындауға дайын» екенін айтты. Әскери сарапшылардың пікірінше, Иранға соққы жасауға қажетті инфрақұрылым қазірдің өзінде жинақталған.

Айта кетейік, 2025 жылдың маусымында АҚШ Иран мен Израиль арасындағы 12 күндік қақтығыс кезінде Иранның ядролық нысандарына соққы берген. Сол кезде Трамп Иранның ядролық бағдарламасы «жойылды» деп мәлімдеген еді.

Иранда желтоқсан айының соңы мен қаңтардың бірінші жартысында үкіметке қарсы жаппай наразылықтар өтті. Алғашында Трамп бұл наразылықтардың күшпен басылуына байланысты әскери араласу мүмкіндігін меңзегенімен, кейін бұл риторикадан бас тартқан. Дегенмен бір апта бұрын ол ирандықтарды жаппай наразылықты жалғастыруға үндеп, «көмек жолда келе жатқанын» айтқан.

Трамптың сөзінше, егер келісімге қол жеткізілмесе, Иранға бағытталатын жаңа соққылар өткен жазда ядролық нысандарға жасалған шабуылдардан «әлдеқайда ауыр» болуы мүмкін.

Бұл Трамптың Иранға бағытталған алғашқы қоқан-лоққысы емес. БАҚ мәліметінше, Иранға соққы берудің түрлі сценарийлері қарастырылып жатыр, алайда түпкілікті шешім қабылданбаған.

CNN және Reuters деректеріне сәйкес, талқыланып жатқан нұсқалар арасында Иран басшылығына, наразылық кезінде адамдардың қаза табуына жауапты деп күдікке ілінген қауіпсіздік күштерінің өкілдеріне, сондай-ақ ядролық нысандар мен үкімет ғимараттарына соққы жасау бар.

Иран тарапы ықтимал шабуылға жауап беруге дайын екенін мәлімдеді. Иранның Жоғарғы көшбасшысының кеңесшісі Али Шамхани мұндай жауап алдымен АҚШ пен Израильге, сондай-ақ агрессияға көмектесетін өзге тараптарға бағытталатынын айтты.

Бұған дейін Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи әскери қысым арқылы дипломатия жүргізу тиімді емес екенін атап өткен. Оның айтуынша, келіссөздердің нақты нәтижелі болуы үшін қорқытулар мен шектен тыс талаптардан бас тарту қажет.