Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:12

Трамп Иранның жаңа басшысын өзі таңдауға ниетті екенін айтты

Трамп
Фото: ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранда билікке аятолла Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеидің келуіне қарсы екенін айтып, елдің жаңа басшысын анықтауға жеке өзі қатысқысы келетінін мәлімдеді. Бұл туралы DW порталы хабарлады.

Axios басылымына берген сұхбатында Трамп Моджтаба Хаменеиді қатаң сынға алып, оның билікке келуін «қолайсыз» деп атады.

«Олар уақыттарын босқа кетіріп жатыр. Хаменеидің ұлы – ештеңеге тұрмайтын адам. Мен жаңа басшыны анықтауға қатысуым керек, Венесуэлада Делси Родригес мәселесінде қалай араласқаным сияқты», – деді АҚШ президенті.

Трамптың айтуынша, Иранның бұрынғы жоғарғы жетекшісінің 56 жастағы ұлының билікке келуі Вашингтон үшін қабылданбайтын сценарий. Оның пікірінше, егер жаңа басшы бұрынғы саясатты жалғастырса, АҚШ бес жылдан кейін тағы соғысқа араласуға мәжбүр болуы мүмкін.

АҚШ президенті Иран басшылығына үміткер «өте жақсы үш кандидат» бар екенін айтқанымен, олардың есімдерін жарияламады.

Сонымен бірге Трамп Тегеран Вашингтонмен ынтымақтастыққа дайын болса, қазіргі иран үкіметінің көптеген мүшелері өз қызметінде қала алатынын айтты. Оның сөзінше, жаңа лидер «Иранға тыныштық пен үйлесім әкелуі тиіс».

Негізгі үміткер – Моджтаба Хаменеи

28 ақпанда әуе соққысы кезінде аятолла Али Хаменеи қаза тапқаннан кейін оның ұлы Моджтаба Хаменей Иранның жоғарғы жетекшісі қызметіне негізгі үміткер ретінде аталып отыр.

Иран заңнамасына сәйкес, жаңа рухани көшбасшыны 88 дін ғалымынан тұратын Сарапшылар ассамблеясы сайлайды. Оның президиум мүшесі Махмуд Раджабидің айтуынша, жаңа басшыны таңдау процесі басталып кеткен.

Алайда оппозициялық Iran International басылымы Моджтаба Хаменеидің сайланып қойғанын хабарлаған.

Сонымен бірге Израиль Иранның жаңа басшысы бұрынғы саяси бағытты жалғастырса, оны «жоюға болатын нысана» ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

Режим ауысуы екіталай

Сарапшылардың пікірінше, Иранда биліктің әкеден балаға өтуі шииттік дінбасылар арасында құпталмайды. Мұндай шешім ел ішінде наразылық тудыруы мүмкін.

Ал АҚШ барлау қызметі Иранда режим ауысуының өзі күмәнді екенін айтады. Reuters агенттігінің дерегінше, елдегі саяси және әскери жүйенің негізгі тірегі саналатын Ислам революциясы сақшылары корпусы өз ықпалынан оңай бас тарта қоймайды.

Қазір Иранды уақытша үш адамнан тұратын кеңес басқарып отыр. Оның құрамына президент Масуд Пезешкиан, сот жүйесінің басшысы Ғолям Хоссейн Мохсени-Эджеи және аятолла Алиреза Арафи кіреді.