Трамп: Иранның жаңа жетекшісі АҚШ келісімінсіз алысқа бара алмайды
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жаңа жоғарғы жетекшісі – егер оның кандидатурасы бекітілсе – Тегеран алдымен Ақ үйдің келісімін алмайынша «алысқа бара алмайтынын» айтты.
Бұл туралы 8 наурыз, жексенбі күні ABC News хабарлады.
«Егер біздің келісіміміз болмаса, ол алысқа бара алмайды. Біз бұл мәселеге әр он жыл сайын қайта оралмайтынымызға көз жеткізгіміз келеді», – деп қосты ол.
Трамптың айтуынша, Вашингтон Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеуді көздейді.
«Мен бес жылдан кейін тағы да осы мәселеге қайта оралуға мәжбүр болғанымызды немесе одан да сорақысы – Иран билігінің ядролық қаруға ие болуына мүмкіндік берілгенін қаламаймын», – деді АҚШ президенті.
Сонымен бірге Трамп Тегеран режиміне жақын кандидатураны мақұлдауға дайын екенін де айтты. Оның пікірінше, қазіргі кезеңде Ислам Республикасы «қағаздағы жолбарыс» іспетті.
Алайда оның айтуынша, бір апта бұрын Иран «бүкіл Таяу Шығысқа шабуыл жасап, аймақты толық бақылауға алуды жоспарлаған».
Иранда елдің жаңа жоғарғы көшбасшысын тағайындау туралы шешім қабылданды.
9 наурыз күні Моджтаба Хаменеидің сайланғаны белгілі болды. Бұл туралы Сарапшылар ассамблеясының мәлімдемесіне сілтеме жасалып отыр.
56 жастағы Сейед Моджтаба Хаменеи – бұрынғы жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеидің екінші ұлы. Бұған дейін АҚШ жүргізген операция барысында Әли Хаменеи қаза тапқаны хабарланған еді.
Моджтаба Хаменеи Иранның саяси-діни элитасындағы ықпалды тұлғалардың бірі саналады. Ол ұзақ жылдар бойы жоғарғы көшбасшы аппаратының құрамында жұмыс істеп, Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) басшылығымен тығыз байланыс орнатқан.
Бұған дейін Сарапшылар кеңесі Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысын анықтағаны туралы хабарланған болатын.
Жаңа көшбасшыны таңдау процесі Иран төңірегіндегі әскери шиеленіс жағдайында өтті. 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағына соққы жасағаннан кейін аймақта қақтығыс күшейген еді.
Әли Хаменеидің қаза тапқаны расталған соң, Иранда билікті беру рәсімі басталды. Елде 40 күндік аза тұту жарияланған.
АҚШ арнайы күштерін жіберу мүмкіндігі
Трамп сондай-ақ байытылған уран қорын бақылауға алу үшін АҚШ арнайы күштерін Иранға жіберу мүмкіндігін де жоққа шығармады.
АҚШ президентінің айтуынша, бұл мәселеде «барлық нұсқа қарастырылып жатыр».
АҚШ пен Израильдің бағалауынша, Иранның байытылған уранының негізгі бөлігі Исфахан қаласындағы нысандардың біріндегі жерасты туннельдерінде сақтаулы. Ал қалған қорлар Фордо мен Натанз нысандары арасындағы туннельдерде орналасқан.