Трамп Ыстамбұлдағы келіссөзге Путин қатысса ғана барады

Бұл туралы CNN өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың Түркияға баруы Ресей президентінің келіссөзге қатысу-қатыспауына тікелей байланысты. Егер Владимир Путин келіссөз алаңына келетін болса, Трамп та өз қатысуын растауы мүмкін.
CNN-нің хабарлауынша, Трамп әкімшілігіндегі жоғары лауазымды шенеуніктердің бірі Дональд Трамптың сапары туралы шешімнің әлі қабылданбағанын атап өткен.
Айта кетейік, Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін бейсенбі күні Түркияда Путинді күтіп отырғанын айтқан еді. Сол күнге Трамп та Ыстамбұлға баруы мүмкін екенін жеткізді.
Ал Ресей тарапы келіссөзге кімдер қатысатыны туралы нақты ақпаратты әлі жариялаған жоқ. Дегенмен, Трамптың арнайы өкілдері Кит Келлог пен Стив Уиткоффтың Ыстамбұлға барып, келіссөз үдерісін бақылауы мүмкін.
Бұл дипломатиялық кездесу алдағы күндері халықаралық қауымдастықтың басты назарында болатыны сөзсіз.