Трамп Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыстың аяқталғанын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы қақтығыс аяқталғанын мәлімдеді.
Трамптың айтуынша, ХАМАС қарусыздану туралы міндеттемелерін толық орындайды, ал атысты тоқтату жөніндегі келісім Таяу Шығыстағы бейбіт өмірге жол ашады.
Израиль тұтқындары босатылды
13 қазан күні таңертең Газа секторында ХАМАС тұтқында ұстаған соңғы 13 израильдік азаматты босатты. Олар Қызыл Крест өкілдеріне тапсырылды. Бұған дейін 7 адамнан тұратын алғашқы топ та босатылған болатын.
Тұтқындарды босату АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған бейбіт жоспардың алғашқы кезеңі ретінде жүзеге асты.
Шарм-эш-Шейхтегі бейбіт саммит
Бүгін, 13 қазанда, Мысырдың Шарм-эш-Шейх қаласында халықаралық «бейбіт саммит» өтеді.
Жиында «Газа соғысын тоқтату туралы келісімге» қол қойылады.
ХАМАС өкілдері бұл рәсімге қатыспайды — келісімге делдал елдер мен ресми тараптар ғана қол қояды. Саммиттің теңтөрағалары — АҚШ президенті Дональд Трамп пен Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси. Жалпы жиынға 20-дан астам мемлекет басшылары қатыспақ, олардың қатарында Ұлыбритания премьері Кир Стармер мен Германия канцлері Фридрих Мерц бар.
Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату режимі 10 қазан күні түсте күшіне енген. Келісімнің негізгі тармақтары мыналар:
-
Израиль барлық тұтқындарды босатуға айырбас ретінде шамамен 250 өмір бойына сотталған палестиналықты және 1700 тұтқынды босатады;
-
ХАМАС өз әскерін толық қарусыздандырады;
-
ЦАХАЛ (Израиль армиясы) Газа секторынан келісілген шепке шегінеді;
-
Гуманитарлық көмек Газаға еркін жеткізіледі.
Бейбіт жоспардың екінші кезеңінде халықаралық қауымдастық Газа секторын қалпына келтіру және басқару реформасын жүргізуге қатыспақ.
Екі жылдық соғыстың салдары
2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС Израильге күтпеген шабуыл жасап, 1200 адамды өлтіріп, 250-ге жуық адамды тұтқынға алған болатын. Сол күннен бастап Израиль ХАМАС-пен соғыс жариялады.
Қақтығыс кезінде Газа секторында 67 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 169 мыңнан астам адам жараланды, деп хабарлады ХАМАС бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігі.