Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:24, 08 Наурыз 2025

Трамп Канадамен шекара туралы ғасырлық келісімді қайта қарауды ұсынды

Трамп пен Джастин Трюдо
Фото: CNN

АҚШ Президенті Дональд Трамп 1908 жылғы АҚШ пен Канада арасындағы шекараның демаркациясы туралы келісімді қайта қарауды ұсынды. 

Бұл туралы The New York Times басылымы хабарлады.

Трамптың шекара мәселесін талқылағаны туралы ақпаратты газет өз дереккөздеріне сүйене отырып жариялады. АҚШ Президенті Канада премьер-министрі Джастин Трюдомен телефон арқылы сөйлесу барысында 1908 жылғы келісімнің шынайылығына күмән келтіріп, оны қайта қарауды ұсынған. Ол Канаданың шекаралық келісімін қайта қарап, екі елдің шекара мәселесін жаңа тұрғыдан шешуді көздейді.

Сонымен қатар, Трамп шекара аймақтарындағы көлдер мен өзендерді бірлесіп пайдалану туралы екі ел арасындағы келісімді де қайта қарауды талап етті.

The New York Times басылымы атап өткендей, Канаданың ресми тұлғалары Трамптың бұл мәлімдемесін аса байыпты қабылдады, өйткені ол бұған дейін Канада экономикасын әлсірету үшін түрлі мәлімдемелер жасаған еді. Трамптың бұл қадамдары Канада мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі шиеленісуіне әкелді.

Жақында Трамп Канададан келетін тауарларға 25 пайыздық баж салығын енгізген болатын. Бұл қадамға жауап ретінде Канада да америкалық тауарларға қарама-қарсы баж салығын енгізуге шешім қабылдады. Одан кейін Трамп Канада тауарларына салынатын баж салығын тағы 25 пайызға арттыруды ескертіп, екі ел арасындағы сауда соғысы жалғасуы мүмкін екендігін жеткізді.

Канада премьер-министрі Джастин Трюдо Трамптың мәлімдемелерін сынға алып, оның АҚШ-қа Канададан келетін фентанил есірткісін тоқтату үшін тарифтерді енгізу туралы айтқан уәжін "жалған және негізсіз" деп атады. Сонымен қатар, Трюдо бұл әрекеттердің артында Трамптың Канада экономикасын күйретіп, елді АҚШ-қа қосу жоспары тұрғанын мәлімдеді.

Бұл оқиғалардан соң Трюдо Трамптың "Канада губернаторы" және "АҚШ-тың 51-ші штаты" туралы әзілдерн енді жай ғана сәтсіз әзілдер емес деп санайды.