Трамп: Қырым Ресейде қалады, Зеленский мұны біледі

АҚШ президенті Дональд Трамп Қырым түбегінің Ресейдің қолында қалатынын және Украина президенті Владимир Зеленский мұны жақсы білетінін айтты.
Бұл туралы ол Time журналына берген сұхбатында мәлімдеді.
«Қырым әлдеқашан Ресейге өткен. Оны мен емес, Обама беріп жіберді. Қырым Ресейде қалады. Зеленский мен басқалары мұны түсінеді… Бұл соғыс менің емес, Обаманың соғысы. Ол ешқашан басталмауы керек еді», — деді Трамп.
Трамптың сөзінше, Ақ үйдің Қырымды ресми түрде Ресейдің жері ретінде тануға дайын екені айтылған. Бұл туралы АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Париждегі бейбіт келіссөздер кезінде мәлім еткен.
Time журналы Трамптан Қырым мен Ресей басып алған төрт облыс туралы нақты сұрақ қойған. Трамп болса, бұл аймақтардың бақылануы Обама әкімшілігінің қателігі екенін айтып, қазіргі жағдаймен келісу қажет екенін меңзеді.
Трамптың ұсынысы:
-
Қырым Ресейге тиесілі ретінде танылады.
-
АҚШ Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон облыстарының Ресей бақылауында екенін де-факто мойындауға дайын.
-
Украина тек Харьков облысы бойынша бақылауды қалпына келтіре алады (ол аймақта Ресей әскері тек шағын аумақты басып алған).
Зеленскийдің ұстанымы:
-
Украина ешқашан Қырымды Ресейдің аумағы деп мойындамайды.
-
Трамп бұл мәлімдемені "бейбіт келіссөздерге кедергі" деп бағалады.
Бұған дейін де Трамп Ресейдің Украинаға жасаған шабуылын Джо Байденнің "соғысы" деп атап, өзінің билігі кезінде Владимир Путиннің мұндай әрекетке бармас еді деген болатын.