Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:50

Трамп қысымы: Гарвард университетіне шетелдік студенттерді қабылдауға тыйым салынды

Гарвард
Фото: ашық дереккөз

АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік департаменті жариялаған жаңа талаптарға сәйкес, Гарвард университеті шетелдік студенттерді қабылдай алмайды, ал қазір оқып жатқан студенттер өз еркімен басқа оқу орындарына ауысуы керек. 

Олай болмаған жағдайда, олар виза мен заңды мәртебеден айырылуы мүмкін.

Бұл шешім Трамп әкімшілігінің Гарвард университетіне қатысты қысымды күшейткенін көрсетеді. Соңғы апталарда Ақ үй университет басшылығын антисемиттік қудалауға қарсы шара қолданбады деп айыптап, 60 миллион долларлық федералдық гранттан айырды. Бұл жағдай елдегі беделді жоғары оқу орнына үлкен соққы болды.

Гарвард университетінің халықаралық академиялық қоғамдастығында 10 мыңға жуық адам тіркелген, олардың ішінде 6 793-і шетелдік студенттер. Бұл — жалпы студенттердің шамамен 27 пайызы. Енді олардың болашағы белгісіз күйде қалды.

Сондай-ақ, Ақ үй әкімшілігі университеттен Палестинаны қолдайтын топтарға қатысты нақты шаралар қабылдауды, және наразылық шерулерінде қолданылатын бетперделерге тыйым салуды талап етуде. Бұл талаптар кампустардағы еркіндік пен сөз бостандығы мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды.

Гарвард университетінің әкімшілігі әзірге бұл шешімге ресми жауап берген жоқ. Алайда құқық қорғау ұйымдары мен білім беру саласының сарапшылары бұл қадам академиялық еркіндікке және халықаралық білім алмасуға төнген қауіп деп бағалап отыр.

Трамп әкімшілігінің бұл саясаты алдағы уақытта басқа да оқу орындарына таралуы мүмкін, бұл өз кезегінде АҚШ-та білім алғысы келетін шетелдік жастар үшін үлкен кедергіге айналуы ықтимал.