Трамп Қытаймен келісімге қол қойылғанын мәлімдеді

Бірақ егжей-тегжейі белгісіз – келісім сирек кездесетін жер металлдарына қатысты болуы мүмкін.
Қытай әзірге үнсіз. Трамп Қытаймен жаңа келісім жасалғанын Ақ үйде сөйлеген сөзінде айтты.
«Біз Қытаймен кеше ғана келісімге қол қойдық. Жаңа ғана Қытаймен келісім жасалды. Мүмкін, Үндістанмен де үлкен келісім болады. Біз Үндістанды ашамыз. Қытай келісімі аясында Қытайдың да есігін ашып жатырмыз», - деді ол.
Сонымен қатар президент Пекинге «рахмет, енді сіздер 20, 25, 25% төлейсіздер» деген мазмұнда хат жіберетінін айтты.
Трамптың сөзін нақтылауды сұраған ABC News тілшісіне Ақ үй өкілі АҚШ пен Қытайдың мамыр айында Женевада жасалған келісімді іске асыруға уағдаласқанын хабарлады.
АҚШ-тың сауда министрі Говард Лутник Bloomberg TV арнасына берген сұхбатында екі ел Женевада қол жеткізілген келісімді аяқтап, ресми бекіткенін растады. Бұл құжат Қытайдың АҚШ-қа сирек кездесетін жер металлдарын жеткізу жөніндегі міндеттемелерін қамтиды. Аталған металдар жоғары технологиялық өнімдер өндірісінде кеңінен пайдаланылады.
Ал Қытай тарапы жаңа келісім жайлы ресми түрде мәлімдеген жоқ. Алайда апта басында сирек металлдарды экспорттауға рұқсат беру рәсімін жеделдеткен. Бұған дейін Пекиннің бұл металдардың АҚШ-қа экспортын шектеуі екі ел арасындағы негізгі келіспеушіліктердің бірі болған.
Еске салайық, маусым айының басында АҚШ пен Қытай Лондонда сауда келіссөздерінің екінші кезеңін өткізді. Келіссөздер қорытындысы бойынша АҚШ сауда министрі Говард Лутник тараптар өткен айда Женевада жасалған келісімді іске асыруға арналған «негізгі келісім» бойынша уағдаласқанын мәлімдеді.
Женевадағы келісімге сәйкес, Вашингтон Қытай тауарларына салынатын кедендік баж салығын 145%-дан 30%-ға дейін, ал Пекин америкалық өнімдерге салынатын бажды 125%-дан 10%-ға дейін төмендетуге келіскен еді. Бұл жеңілдіктер 90 күнге арналған болатын. Алайда АҚШ Қаржы министрлігі кейінірек уақытша бітімнен кейін жағдай тығырыққа тірелгенін мойындады.
Лондондағы кездесуден кейін Лутник Вашингтон Қытай өнімдеріне кедендік бажды 55%-ға дейін төмендететінін, ал Қытай америкалық тауарларға 10% деңгейінде қалдыратынын хабарлады. Сонымен қатар АҚШ Қытай студенттеріне өз университеттерінде оқуға қайта рұқсат беретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, биыл 2 сәуірде Дональд Трамп «америкалық экономиканы азат ету күні» деп жариялап, 180-нен астам елдің, соның ішінде АҚШ-тың ең жақын серіктестерінің өнімдеріне «өзара» тарифтер енгізген еді. Кейін бұл елдер үшін уақытша шегеру жасалды. Ақ үй әкімшілігі 90 күн ішінде 90 сауда келісімін жасаймыз деп уәде берген болатын. Бұл мерзімге 75-тен астам елге қатысты кедендік тарифтердің күшіне енуі кейінге шегерілген. Алайда Newsweek дерегінше, қазіргі уақытқа дейін АҚШ тек бір ғана келісімге – Ұлыбританиямен – қол қойған.