Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:35, 30 Сәуір 2025

Трамп командасы үшінші ықтимал импичментке дайындала бастады

Трамп
Фото: ашық дереккөз

Қазіргі таңда Республикалық партия АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасын бақылауда ұстап отыр. Алайда бұл жағдай 2026 жылдың қарашасында өтетін аралық сайлаудан кейін өзгеруі мүмкін.

 Осыны ескерген Дональд Трамптың кеңесшілері сайлаудан кейін демократтар көпшілікке айналса, президентке үшінші рет импичмент жариялануы мүмкін деген қауіппен дайындық жүргізіп жатыр. Бұл туралы Axios басылымы хабарлады.

2026 жылғы сайлау алдындағы кезеңде Трамп әкімшілігі өз ұсыныстарын, әсіресе салықты төмендету бойынша бастамаларын Конгресс арқылы мүмкіндігінше көбірек өткізіп үлгеруді көздеп отыр.

«Біз салықты азайтып, рецессиядан қашуымыз керек», — деді Трамптың сайлауалды науқанының кеңесшісі Джон Маклафлин Axios-қа берген сұхбатында.

Демократиялық партия әзірге Өкілдер палатасында азшылықта, алайда партия өкілдері Трампқа импичмент жариялау мәселесін ашық көтеріп жүр. Мысалы, Мичиган штатынан сайланған конгрессмен Шри Танедар 28 сәуір күні бұл ниетін мәлімдеді.

АҚШ-тың Қаржы министрі Скотт Бессент те бұған дейін импичмент қатері туралы айтып өткен. «Нағыз қауіп – біз аралық сайлауда жеңілсек, демократтар дереу бізге импичмент жариялауға ұмтылады», — деді ол.

Айта кетейік, Дональд Трамп — АҚШ тарихында екі рет импичмент жарияланған жалғыз президент. Axios басылымы Трамп пен оның командасы бұл процесс Ақ үйге қаншалықты ауыр тиетінін және президент жоспарларына қалай кедергі келтіретінін жақсы білетінін атап өтті.

Соған қарамастан, Трамп кеңесшілерінің бірі бұл жағдайды аса маңызды мәселе ретінде қарастырмайтынын жеткізді. «О, импичмент! Оны бұған дейін екі рет жариялады, бірақ ештеңе өзгермеді», — деді ол.

Еске сала кетейік, АҚШ президентіне импичмент жариялау үшін Өкілдер палатасында қарапайым көпшілік дауысы жеткілікті. Бірақ президентті қызметінен босату үшін Сенаттағы 100 сенатордың кем дегенде 67-сі қолдау көрсетуі тиіс. Алайда мұндай жағдай АҚШ тарихында бұрын-соңды болмаған.