Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:14

Трамп Кубаға ескерту жасады

Трамп пен Мигель Диас-Канел
Фото: ЖИ/ Жас Алаш

АҚШ президенті Дональд Трамп Куба билігіне ашық түрде қоқан-лоқы жасап, егер Гавана «жедел түрде келісімге келмесе», салдары ауыр болатынын мәлімдеді.

Трамптың айтуынша, бұдан былай Кубаға Венесуэладан келетін мұнай мен қаржы толықтай тоқтайды.

Трамптың сөзінше, Куба жылдар бойы Венесуэла есебінен күн көріп келген.

«Куба ұзақ жылдар бойы Венесуэладан келетін үлкен көлемдегі мұнай мен ақша арқылы өмір сүрді. Бұған жауап ретінде Куба Венесуэланың соңғы екі диктаторына “қорғау қызметін” көрсетті. Бірақ енді бұл тоқтайды!» – деп жазды Трамп.

АҚШ президенті Кубада енді «мұнай да, ақша да болмайды» деп атап өтіп, Гаванаға «кеш болмай тұрып мәмілеге келуді» ұсынды. Алайда қандай келісім жөнінде сөз болып отырғанын және Кубаны нақты қандай салдар күтіп тұрғанын ашып айтпады.

Сарапшылардың бағалауынша, Венесуэла Кубаға тәулігіне 35 мың баррельге жуық мұнай (шамамен 4,8 мың тонна) жеткізіп келген.

Айта кетейік, 3 қаңтарға қараған түні АҚШ әскері Каракаста жүргізген арнайы операция барысында Венесуэла басшысы Николас Мадуро ұсталып, Нью-Йоркке жеткізілген. Онда ол есірткі саудасына қатысты айыптар бойынша сот алдына тартылды.

Трамп осы рейдті еске ала отырып, Мадуроны күзеткен кубалықтардың көбі қаза тапқанын және енді Венесуэланың кубалық «қызметтерге» мұқтаж еместігін мәлімдеді.

«Қазір Венесуэлада Америка Құрама Штаттары бар. Ал АҚШ – әлемдегі ең үлкен армияға ие ел», – деді Трамп.

Кубалықтар көп жыл бойы Мадуроның жеке күзет қызметінің құрамында болған. Куба үкіметі АҚШ рейді кезінде 32 кубалықтың қаза тапқанын ресми түрде растады.

Куба президенті Мигель Диас-Канел оларды «империя кейпіндегі террористермен шайқаста қаза тапқан батыр кубалық жауынгерлер» деп атады.

Куба билігінің жауабы

Мигель Диас-Канел Трамптың мәлімдемесіне қатаң жауап қатты.

«Куба – еркін, тәуелсіз әрі егемен мемлекет. Бізге ешкім не істеу керегін бұйыра алмайды», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Ол Кубадағы экономикалық жағдайдың басты себебі АҚШ-тың 60 жылдан бері жүргізіп келе жатқан қатаң экономикалық саясаты екенін атап өтті.

Куба сыртқы істер министрі Бруно Родригес те мәлімдеме жасап, Куба ешбір елге қауіпсіздік қызметі үшін ақша немесе материалдық сыйақы алмағанын айтты.

«АҚШ-тан айырмашылығымыз – біз басқа елдерге жалдамалы қызмет көрсету, бопсалау немесе әскери қысым жасау арқылы саясат жүргізбейміз», – деді ол.

Министрдің айтуынша, Куба халықаралық нарықта, біржақты санкцияларсыз және қысымсыз, отын импорттауға толық құқылы.

Кубадағы жанармай дағдарысы

Қазіргі таңда АҚШ әкімшілігі Кубаға қатысты нақты іс-қимыл жоспарын жариялаған жоқ. Алайда Трамп Кубаға басып кірудің қажеті жоқ екенін, себебі ондағы билік «өзінен-өзі құлауға дайын» екенін айтқан.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, кубалық эмигранттардың ұрпағы, өткен аптада:

«Егер мен Куба басшылығының өкілі болсам, қатты алаңдар едім. Гаванада мәселелер тым көбейіп кетті», – деген болатын.

Трамп тіпті әлеуметтік желіде Рубионы Куба президенті етіп тағайындау ұсынысын құптап, «жаман идея емес» деп жазды.

Кубадан келіп жатқан мәліметтерге сәйкес, АҚШ Венесуэладан шығатын танкерлердің жолын бөгеп, аралда жанармай мен электр энергиясының тапшылығын туындатқан.

«Донро доктринасы»

Трамп әкімшілігі сыртқы саясатта жаңартылған Монро доктринасына сүйенетінін бірнеше рет мәлімдеген. Бұл доктрина алғаш рет 1823 жылы АҚШ президенті Джеймс Монро тарапынан жарияланып, АҚШ-ты Батыс жартышардағы жетекші күш ретінде таныған еді.

Қазіргі Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында бұл бағыт «Трамптың Монро доктринасының жаңа нұсқасы» деп сипатталады. Ал Трамптың өзі оны «Донро доктринасы» деп атайды.

Мадуро ұсталғаннан кейін Трамп Латын Америкасының бірқатар елдеріне қатысты да қатаң мәлімдемелер жасады. Ол Колумбияның солшыл президенті Густаво Петроға «өз қауіпсіздігі үшін алаңдауды» ескертіп, елде әскери операция жүргізу мүмкіндігін де жоққа шығармады.

Сондай-ақ Трамп АҚШ-қа есірткі Мексика арқылы келіп жатқанын айтып, картельдерге қарсы күрес үшін америкалық әскер жіберуді ұсынған. Алайда Мексика президенті Клаудия Шейнбаум бұл ұсынысты қабылдамады.

Тарихи тұрғыда АҚШ пен Куба арасындағы қарым-қатынас 1959 жылдан, Фидель Кастро билікке келгеннен кейін күрт нашарлаған. Кейінгі жылдары Барак Обама қарым-қатынасты жақсартуға тырысқанымен, Трамп бұл бастамалардың көбін тоқтатты.

Екінші президенттік мерзімінде Трамп Кубаны қайтадан «терроризмді қолдайтын мемлекет» деп жариялады. Бұл шешім алдыңғы президент Джо Байден Кубаны аталған тізімнен алып тастағаннан кейін көп ұзамай қабылданды.