Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Трамп Масктың жаңа партия құру идеясын «күлкілі» деп атады

Маск
Фото: yahoo

АҚШ президенті Дональд Трамп миллиардер Илон Масктың жаңа саяси партия құру туралы бастамасын қатты сынға алды.

 6 шілде күні Нью-Джерсидегі гольф-клубынан Вашингтонға жол тартып бара жатып, журналистерге берген пікірінде Трамп: «Үшінші партиялар ешқашан жұмыс істеген емес. Ол сонымен ойнай берсін, бірақ мен бұл идеяны күлкілі деп санаймын»,- деді.

Кейін Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Маскты «бастан кеткен» деп сипаттап, АҚШ-та үшінші партия құруға жасалған әрекеттер елде тек «хаос пен күйреу» әкелетінін жазды. 

Трамп Масктың электромобильдерді насихаттауға бағытталған "мандатты" жою туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, 4 шілде — Тәуелсіздік күні қабылданған «керемет заң» бұл мандатты жойып, салық жеңілдіктерін ұзартуды, қорғаныс пен шекараны қорғауға қосымша қаржы бөлуді және әлеуметтік шығындарды қысқартуды қарастырады. Бұл заң, Трамптың айтуынша, Республикалық партияның «берік машина» екенін дәлелдейді.

Маск не үшін жаңа партия құрмақ болды?

Илон Маск бұған дейін Трамптың екінші мерзімінің басында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі департаментті (DOGE) басқарып келген. Алайда мамыр айының соңында өкілеттік мерзімі аяқталып, мемлекеттік қызметтен кеткен. Маусымда ол Трамп ұсынған «керемет заңды» «жиіркенішті сұмдық» деп атап, бюджет тапшылығын ұлғайтады деп сынады. Осыдан кейін Маск келесі сайлауда Демократтарға қолдау білдіруі мүмкін екенін айтты. Бұған жауап ретінде Трамп оны «өте үлкен қиындықтар» күтіп тұрғанын ескертті.

Қақтығыс 1 шілдеде қайта ушықты. Трамп Tesla және Масктың өзге де компанияларына берілген мемлекеттік субсидияларды тексеретінін айтып, шабуылдады.

«Субсидияларсыз ол компаниясын жауып, Оңтүстік Африкаға қайтуға мәжбүр болар еді. Ешқандай зымыран, спутник, электромобиль де болмас еді. Біз ел ретінде орасан қаражатты үнемдейтін едік»,- деді Трамп.

Жаңа партия: халықтың қолдауы бар ма?

4 шілде күні Маск X (бұрынғы Twitter) желісінде «Америка партиясын құруымыз керек пе?» деген сауалнама жариялады. Бір тәулікте 1,3 миллионнан астам адам дауыс беріп, олардың 65%-ы бұл идеяны қолдады. 

6 шілде күні АҚШ-тың Федералдық сайлау комиссиясына «Америка партиясын» тіркеуге арналған құжаттар тапсырылғаны белгілі болды. Бірақ бұл құжаттарды тікелей Илон Масктың өзі тапсырғаны немесе тапсыруға қатысы бар-жоғы әзірге нақты емес.