Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:56

Трамп Медведевті «ақымақ адам» деп атап, Ресейге атом сүңгуір қайықтарын жіберді

Трамп
Фото: Annabelle Gordon / Reuters / Scanpix / LETA

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевке қатысты қатаң мәлімдеме жасап, оны «ядролық қоқан-лоққылары үшін» «ақымақ адам» деп атады.

Трамптың айтуынша, Медведевтің Вашингтонға қарата жасаған ядролық ескертулерінен кейін ол Ресей жағалауына ең қуатты қарулардың бірі – атом сүңгуір қайықтарын жіберген.

«Ресей бізге жақында ғана қоқан-лоққы жасады. Мен ең жойқын қару – атом сүңгуір қайықтарын жібердім. Ол «ядролық» деген сөзді қолданғаны үшін осылай істедім... Медведев  – Путинге жұмыс істейтін ақымақ адам», – деді Трамп.

Трамп «сақтық үшін Ресей жағалауына бір-екі сүңгуір қайық жіберуді бұйырғанын» және АҚШ ешкімге «ядролық» сөзін еркін қолдануға жол бермейтінін айтты.

АҚШ президенті Вашингтонның әскери-технологиялық артықшылығын атап өтіп, америкалық сүңгуір қайықтарды өндіру саласында елінің Ресей мен Қытайдан 25 жылға озық тұрғанын мәлімдеді.

Трамп пен Медведев арасындағы дау жазда өршіді. Ресейлік саясаткер сол кезде АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі ультиматумын сынға алып, Иранға ядролық қару берілуі мүмкін екенін меңзеген болатын. Ол өз мәлімдемесінде КСРО-ның «Периметр» автоматты ядролық жауап беру жүйесін еске алып, АҚШ-қа тікелей әскери қақтығыс қаупін ишара етті.

Бұған жауап ретінде Трамп Медведевке «тіліне ие» болуға шақырып, оны «қауіпті аймаққа кіріп бара жатқан, Ресейдің сәтсіз бұрынғы президенті» деп атады. Сонымен бірге, Ресей экономикасын «өлі» деп сипаттады.

Тамыз айында Трамп егер Медведевтің қоқан-лоққылары жай риторикадан іс жүзіндегі қадамға ұласса, Ресей маңындағы «тиісті аймақтарға» екі атом сүңгуір қайық орналастыруға бұйрық бергенін мәлімдеген.

Көп ұзамай ол АҚШ-тың Ресеймен ықтимал ядролық қақтығысқа толық дайын екенін де ашық айтты.