Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:42

Трамп Мексикаға әскер енгізуді жоспарлап отыр

Трамп
Фото: Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Мексика аумағындағы есірткі картельдеріне қарсы күрес мақсатында американдық әскерді кіргізу жөніндегі миссияны егжей-тегжейлі жоспарлай бастаған. Бұл туралы NBC News басылымы әкімшілікке жақын дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Әскери операцияның масштабы талқылануда

Басылым дерегінше, құрлықтағы операцияларды қамтитын ықтимал миссияның дайындықтың бастапқы кезеңі басталып кеткен. Алайда соңғы шешім әлі қабылданған жоқ — операцияның нақты көлемі мен сипаты талқылану үстінде.

Миссияны АҚШ барлау құрылымдары басқаратын Біріккен арнайы операциялар қолбасшылығы жүзеге асыруы мүмкін. Негізгі мақсат — нарколабораториялар мен картель жетекшілерін жою үшін дрондарды пайдалану.

NBC атап өткендей, бұл бастама АҚШ-тың алдыңғы әкімшіліктерінен түбегейлі өзгеше болар еді. Бұрын Вашингтон картельдерге тікелей соққы бермей, жергілікті күш құрылымдарын ғана қолдап келген. Егер операция мақұлданса, Трамп әкімшілігі оны құпия түрде жүргізуді көздеп отыр.

Мексикамен келісімсіз де әрекет етуі мүмкін

Бұл жоспар Венесуэладағыдай үкіметті құлатуға бағытталмаған, тек есірткіге қарсы соғыс шеңберінде жүзеге асырылмақ.

Әкімшілік Мексика билігімен келісіп жұмыс істеуді қалайды, бірақ қажет болса, келісімсіз операция өткізу мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

Террор ұйымдары тізіміне енгізілген картельдер

Биыл ақпанда АҚШ Мемлекеттік департаменті Мексиканың алты наркокартелін шетелдік террорлық ұйымдар тізіміне енгізген. Бұл шешім америкалық барлау агенттіктері мен әскерилерге қылмыстық топтарға қарсы кең өкілеттіктер берді.

Венесуэла бағытындағы параллель операциялар

Сонымен қатар, Трамп әкімшілігі Венесуэла жағалауындағы есірткі трафигіне қарсы әскери операциясын да жалғастырып келеді. Пентагонның мәліметінше, қыркүйек айынан бері Кариб теңізі мен Тынық мұхитында 16 кеме жойылып, 64 адам қаза тапқан.

Бұл бағыттағы әрекеттер АҚШ-тың Венесуэла президенті Николас Мадуроға қысым жасау стратегиясымен де байланысты. Қыркүйек басында АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Вашингтонның Мадуро режимін құлату нұсқасын да қарастыруға дайын екенін мәлімдеген.