Трамп НАТО саммитінде не айтты?

Трамптың НАТО саммитіндегі мәлімдемелеріне тоқталайық.
“Бұл ойлағаннан да күрделі” – АҚШ президенті Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты қалай аяқтамақ ойы бар деген сұраққа жауап бере отырып, Владимир Путиннің “өте күрделі тұлға” екенін айтты. “Зеленскиймен де қиындықтар болды”, – деді ол. Трамптың айтуынша, бұл соғысты Путиннің өзі тоқтатуы керек.
АҚШ Украинаға Patriot зымырандарын беру және қосымша қаржылай көмек көрсету мәселесін қарастыратынын мәлімдеді. Зеленскиймен кездесуді “тамаша” деп сипаттаған Трамп Путинмен де соғысты тоқтату жайын талқылайтынын айтты. Ал Ресей президентінің Украинадан тыс аумақтарға деген амбициясы бар ма деген сұраққа: “Бұл мүмкін. Мен бір нәрсені білем: ол жағдайды реттегісі келеді”, - деп жауап берді.
НАТО одақтастарының қорғанысқа жұмсалатын шығынды ЖІӨ-нің 5%-ына дейін арттыру туралы шешімін Трамп “зор жеңіс” деп атады. Сондай-ақ Испания премьер-министрі Педро Санчестің бұл шешімді міндетті етпеу туралы ұсынысына сын айтты. “Біз Испанияны тарифтік келіссөздер кезінде екі есе көп төлеуге мәжбүр етеміз”, - деп сес көрсетті АҚШ президенті.
Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа қатысты Трамп алдағы аптада Иранмен келіссөздер жүргізетінін айтты. Екі тарап та “шаршағанын” айтқан. Трамп: “Бұл қақтығыс бір күні қайта басталуы мүмкін. Мүмкін, бұл жақын арада басталар”, - деді.
НАТО саммиті 24-25 маусымда Гаагадағы конгресс ғимаратында өтті. Бір күн бұрын Politico басылымы Зеленскийге форумда батыс серіктестері жаңа уәделер беруі кетуі екіталай деп жазды. Венгрия Сыртқы істер министрі Петер Сийяртоның айтуынша, Гаагадағы НАТО саммитінің қорытынды құжатында Украинаның альянсқа кіруі жөнінде айтылмаған, ал кездесуге қатысушылар Киевті қолдау туралы ешқандай шешім қабылдамаған.
Politico-ның хабарлауынша, АҚШ-тан қосымша көмек азайып бара жатқандықтан, Киев режимі президент Дональд Трамптан оның әкімшілігі Украина мен оның еуропалық одақтастарына америкалық қару-жарақ сатып алуға мүмкіндік беруді талап етеді.
Трамп 24 маусымда НАТО саммитіне келіп, Иранның Натанз, Фордо және Исфахан қалаларындағы ядролық нысандарына жасалған соққыларды өзінің сыртқы саясаттағы жеңісі ретінде таныстырмақ болды. Сонымен қатар ол Израиль мен Иран арасындағы атысты тоқтатуға делдалдық жасағанын айтып, өзіне “бейбітшілік орнатушы” бейнесін бекіткісі келді.
Алайда бұл жоспар АҚШ барлау қызметінің есебі бұқаралық ақпарат құралдарына тарап кеткен соң іске аспай қалды. CNN мен The New York Times жариялаған құжаттарға сәйкес, әуе шабуылдары Иранның ядролық бағдарламасының негізгі элементтерін жоя алмаған, тек оны бірнеше айға кідірткен. Себебі Тегеран соққылар жасалардан бұрын маңызды жабдықтар мен байытылған уран қорын басқа орындарға көшіріп үлгерген, ал жерасты кешендері сақталып қалған.
Сондай-ақ, Трамп БАҚ-ты жалған ақпарат таратты деп айыптады. Ол: «Фейк жаңалықтар таратушы CNN мен сәтсіздікке ұшыраған New York Times бірігіп, тарихтағы ең табысты әскери шабуылдарды жоюға тырысып жатыр!» – деп жазды. Трамптың пікірінше, қоғам екі басылымды да айыптап отыр.