Трамп Николас Мадуро ұсталып, Венесуэладан әкетілгенін мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға қарсы ауқымды әскери операция жүргізілгенін және елдің авторитарлы басшысы Николас Мадуро жұбайымен бірге тұтқындалып, елден әкетілгенін мәлімдеді.
Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Трамптың айтуынша, операция АҚШ-тың құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүзеге асқан.
«Америка Құрама Штаттары Венесуэлаға және оның көшбасшысы, президент Николас Мадуроға қарсы ірі ауқымды операцияны сәтті орындады. Мадуро жұбайымен бірге ұсталып, ұшақпен елден шығарылды. Толық мәліметтер кейінірек жарияланады. Бүгін Мар-а-Лаго резиденциясында сағат 11:00-де баспасөз мәслихаты өтеді», — деп жазды Трамп.
Осы мәлімдемеден кейін Венесуэланың астанасы Каракас пен елдің бірнеше аймағында, әсіресе әскери нысандар орналасқан жерлерде жарылыстар тіркелгені хабарланды. Венесуэла билігі бұл әрекеттерді АҚШ-тың тікелей әскери агрессиясы деп бағалап, елде әскери жағдай енгізілгенін мәлімдеді.
Ресми Каракас БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне шұғыл үндеу жолдады.
Латын Америкасындағы бірқатар мемлекет басшылары бұл әрекетті қатаң сынға алды. Атап айтқанда, Густаво Петро (Колумбия) мен Мигель Диас-Канель (Куба) Венесуэлаға қарсы шабуылды халықаралық құқықты өрескел бұзу деп атады.
Николас Мадуро Венесуэлада 2013 жылдың көктемінен бері билік етіп келеді. Ол солшыл бағыттағы бұрынғы президент Уго Чавестің саяси мұрагері саналады. Оппозиция мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары Мадуро режимін сайлау нәтижелерін бұрмалады және адам құқықтарын жүйелі түрде бұзды деп айыптап келген.