Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:15, 16 Ақпан 2025

Трамп пен Путин кездесуі ақпан айының соңына дейін өтуі мүмкін - Bloomberg

Дональд Трамп пен Владимир Путин
Дональд Трамп пен Владимир Путин | Фото: AP

АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуі ақпан айының соңына дейін Сауд Арабиясында өтуі мүмкін. Бұл туралы сенбі күні Bloomberg хабарлады. 

Агенттіктің хабарлауынша, екі елдің жоғары лауазымды өкілдері келесі аптада Сауд Арабиясында бас қосады. Олар  Владимир Путин мен Дональд Трамптың қатысуымен өтетін саммитке дайындалады. Әрине, басты тақырып – Украинадағы соғыс болмақ.

Бұған дейін Трамптың өзі Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктерінің қатысуымен келіссөздер өтетінін мәлімдеген болатын. Бұл ретте ол Украина өкілдерінің оларға қатысуы туралы да айтты. Bloomberg жазғандай, олардың қатысуы мүмкін, дегенмен Киев кездесуге дайындықтың егжей-тегжейінен әлі бейхабар.

Ақ үй мен Кремль өкілдері Bloomberg басылымына қатысты пікір білдірген жоқ. Reuters агенттігі АҚШ өкілі Майкл МакКолге сілтеме жасай отырып АҚШ делегациясының келесі аптада Ресей және Украина шенеуніктерімен келіссөздер жүргізу және Путин мен Трамп арасындағы кездесуге дайындалу үшін Сауд Арабиясына келетінін растады.

Сауд Арабия билігі Эр-Риядтағы кездесуге келісіп, оны дайындауға қатысып жатыр. Бұл Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Мусаед әл-Айбанға жүктелген.

АҚШ делегациясының құрамында Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолц пен президенттің арнайы өкілі Стив Виткофф болуы мүмкін. Politico басылымы мен  конгрессмен МакКоул сонымен қатар Мемлекеттік хатшы Марко Рубионы да делегацияны құрамында болатынын хабарлады.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, ресейлік келіссөздер тобына Путиннің кеңесшісі Юрий Ушаков, Сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкин және Путинге жақын қаржыгер Кирилл Дмитриев кіруі мүмкін.

Басылым екі ел өкілдері Путин мен Трамптың кездесу күнін биыл наурызда басталатын мұсылмандардың қасиетті Рамазан айы басталмай тұрып келісуге тырысады деп мәлімдеген.

Еуроодақ пен Украина шенеуніктері Трамп пен Путиннің жақында болған телефон әңгімелеріне және екі президенттің Украинадағы соғысқа қатысты кездесуіне дайындық барысы туралы хабарларға байланысты АҚШ пен Ресей арасындағы жылдам «мәміле» Украина үшін тиімсіз болуы мүмкін деп есептеп, ескертіп жатыр. Украина президенті Владимир Зеленский «Украина біздің қатысуымызсыз біздің артымыздан жасалған келісімдерді ешқашан қабылдамайды» деп сендірді. Трамптың арнайы өкілі Кит Келлог сенбі күні Украина міндетті түрде келіссөздер үстелінде болуы керек мәлімдеді.