Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:23

Трамп пен Путиннің Аляскадағы кездесуі нәтиже бермеді

Путин мен Трамп
Фото: ашық дереккөз

2025 жылғы 15 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин алғаш рет ресми түрде жүздесті. Кездесу Анкоридж қаласындағы Joint Base Elmendorf–Richardson әскери базасында өтті.

Трамп пен Путин қызыл кілем үстінде қол алысып, кейін АҚШ президентінің көлігіне отырып, келіссөз өтетін орынға бірге барды. Кездесу «үшке үш» форматында өтті. Ресей жағынан – сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен президент көмекшісі Юрий Ушаков, АҚШ жағынан – мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен арнайы өкіл Стив Уиткофф қатысты.

Құпия келіссөздер және баспасөз мәслихаты

Үш сағатқа созылған жабық келіссөздерден кейін екі президент журналистер алдына шықты. Владимир Путин АҚШ-ты «жақын көрші» деп атады. Украинадағы соғыс негізгі тақырыптардың бірі болды. Ресей басшысы «қауіпсіздік кепілдіктерін» қолдайтынын жеткізгенімен, қақтығыстың «негізгі себептері жойылуы тиіс» деген ұстанымын қайталады.

Дональд Трамп өзінің төрт минуттық сөзінде «толық келісімге қол жеткізілмегенін» мәлімдеді. Бірақ ол «айтарлықтай прогресс бар» екенін айтып, Украинадағы соғысты бейбіт жолмен реттеу мүмкіндігі «өте жоғары» деп бағалады. Сондай-ақ Трамп Зеленскиймен және НАТО серіктестерімен сөйлесетінін жеткізді.

Путин келесі кездесуді Мәскеуде өткізуді ұсынды. Трамп бұған: «Әбден мүмкін» деп жауап берді.

Бастапқыда кеңейтілген құрамдағы жұмыс түскі асы жоспарланған болатын. Алайда саммиттен кейін бұл шара өткізілмеді. Лиделер бірден Аляскадан ұшып кетті.