Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:43

Трамп пен Путиннің Будапешттегі кездесуі кейінге қалдырылды

Путин мен Трамп
Фото: Contributor / Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин арасында Венгрия астанасы Будапештте өтуі тиіс саммитке дайындық тоқтатылды. 

Бұл туралы NBC News журналисі Гаррет Хаак Ақ үйдегі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Дереккөздің айтуынша, Трамп «екі тарап та келіссөзге дайын емес» деп есептейді.

 «Марко Рубио мен Сергей Лавровтың телефон арқылы сөйлесуі нәтижелі өтті, алайда АҚШ президенті екі жақтың да келіссөзге жеткілікті дайын емес екеніне сенімді», – деп жазды журналист X әлеуметтік желісінде.

Reuters агенттігі де Ақ үй өкіліне сілтеме жасап, Трамптың жақын уақытта Путинмен кездесу жоспары жоқ екенін хабарлады. Ал CNN өз дереккөздеріне сүйеніп, Будапешт саммитінің Ресейдің «максималистік ұстанымы» салдарынан кейінге қалуы мүмкін екенін жазды.

Дайындық тоқтатылды

Өткен аптада Трамп Путинмен телефон арқылы сөйлескен соң, «келесі аптада» екі елдің жоғары деңгейлі делегациялары кездесу өткізетінін мәлімдеген болатын. АҚШ делегациясын мемлекеттік хатшы Марко Рубио бастап баруы тиіс еді. Алайда, Ақ үйдің аты-жөнін атамаған өкілі CNN-ге дайындық кездесуі кейінге қалдырылғанын растаған.

CNN дерегінше, бұған себеп – Рубио мен Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың «соғысты қалай аяқтау керек» деген мәселедегі айырмашылықтары.

19 қазанда Лавров пен Рубио телефон арқылы сөйлескен. Ресми мәліметте әңгіме «конструктивті» деп сипатталса да, АҚШ тарапы Ресейдің «тым қатқыл ұстанымда» екенін айтады.

Мәскеудің реакциясы

Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков CNN-ге берген түсініктемесінде:

 «Кейбір Батыс басылымдары жазғандай, әзірге нақты уақыт пен орын туралы келісім жоқ. Ондай байланыс жоспарланбаған», – деп мәлімдеді.

Украина мәселесі және Трамптың ұстанымы

Зеленскиймен кездесуінен кейін Трамп Украинадағы соғысты қазіргі майдан шебінде тоқтатуға шақырды. Бұл идеяны Украина президенті де, бірқатар еуропалық көшбасшылар да қолдаған.

Алайда Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров мұндай бастама Трамп пен Путиннің Анкоридждегі кездесуінде жасалған келісімдерге қайшы деп санайды:

«Вашингтон қазір бірден атысты тоқтатуды және басқа ештеңені талқыламауды ұсынып отыр. "Тоқтатып, кейін тарих шешім шығарсын“ дейді. Бірақ егер сіз жай ғана тоқтасаңыз, бұл соғыстың себептерін ұмытумен тең. Ал бұл себептерді Трамп билікке келген сәттен бастап жақсы білетін», – деді Лавров.